Ұлттың денсаулығы

Қазақстанда 14 жыл ішінде денсаулық сақтау саласының 320 мыңнан астам маманы өз біліктілігін арттырды

2002-2015 жылдар аралығында Қазақстанда біліктілікті арттыру және қайта даярлау курстарында денсаулық сақтау саласының 330 466 маманы (2002 жылы –9500, 2015 жылы – 47 512), оның ішінде 2572 адам шетелде оқытылды.
Нұр-Сұлтан24 Қазан , 19:34

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, мамандарды шетелде даярлау 2005 жылы басталды. Осы уақыт аралығында қазақстандық мамандар диагностикалаудың жаңа әдістері мен кардиохирургия, нейрохирургия, онкология, гематология, акушерлік және гинекология, педиатрия, фтизиатриядағы және т.б. жаңа емдеу тәсілдерін үйренді.

Денсаулық сақтау жүйесінде жылдан жылға жаңа технологиялар енгізіліп, жаңа дәрілік заттар мен жабдықтар жасалуда. Сондықтан, мамандарды оқыту сапасына, оның ішінде қосымша білім беру бағдарламаларына деген талап артып келеді.

Мамандарды кәсіби тұрғыда үздіксіз дамыту мүмкіндігін қамтамасыз ету мақсатында ҚР ДСӘДМ бірқатар кешенді шараларды қарастыруда. Жыл сайын республикалық бюджеттен денсаулық сақтау саласы ұйымдарының кадрларын қайта даярлау мен олардың біліктілігін ел ішінде арттыруға; мемлекеттік денсаулық сақтау саласы ұйымдарының кадрларын қайта даярлау мен олардың біліктілігін арттыру шараларын шетелдің жетекші мамандарын шақыру арқылы отандық білім және ғылым ұйымдарында өткізуге, сонымен бірге, жоғары білімді және ЖОО-дан кейінгі білімі бар мамандарды даярлауға қаражат бөлінген.

Сонымен қатар, ЖОО-дан кейінгі білім беру бағдарламасының аясында жоғары мамандандырылған кадрларды резидентура, магистратура мен докторантурада дайындау жүргізілуде.

Жаңа формат мамандарын – денсаулық сақтау саласы магистрлерін дайындау 2003 жылдан бері жүзеге асырылып келеді.

Қазақстанның Болон конвенциясына қол қоюының аясында 2008 жылдан бастап Phd докторантурасы мен резидентурасында даярлау жүргізіліп келеді. Осы жылдар аралығында 2 мыңнан астам жоғары мамандандырылған ғылыми кадрлар даярланды.

Естеріңізге сала кетейік, 2013 жылдан бастап ҚР денсаулық сақтау саласы кадрларының ресурстарын дамытудың кешенді жоспары жүзеге асырылып келеді. Оның мақсаты – денсаулық сақтау саласының сапалы қызметтерін қамтамасыз ететін тиімді кадрлық саясатын қалыптастыру. Ол бірқатар шараларды, оның ішінде кадрларды үздіксіз кәсіби дамыту әдістемесін қарастырады. Мамандарды дипломнан кейін дайындауды жетілдіру бойынша қабылданатын шаралар мамандардың біліктілігін арттырып, халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

 




Яндекс.Метрика