Тәуелсіз Қазақстанның жаһандық бастамалары – әлемнің гүлденуіне үлес қосу

Астанада сегіз елдің жастар ұйымы әлем қауіпсіздігін нығайту тетіктерін талқылады

Астанада 2016-2017 жылдары Қазақстанның Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының жастар кеңесінде төрағалық етуі шеңберінде өткізіліп жатқан «Әлем. ХХІ ғасыр» арнайы жастар сессиясының ашылуы өтті.
Нұр-Сұлтан24 Қазан , 14:32

Сессияның негізгі мақсаты – халықаралық жастар қоғамын ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі идеясының төңірегінде біріктіруге жәрдемдесу.

«Нұр Отан» партиясының жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Шахмардан Байманов атап өткендей, «бүгін дүние жүзіне бейбітшілік қажет».

«Бүгін біз негізгі міндеті Мемлекет басшысының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі бастамасын қолдау болып табылатын арнайы жастар сессиясын өткізіп жатырмыз. Манифесте айтылғандай, «бүгін дүние жүзіне бейбітшілік қажет». Сегіз елдің жастар ұйымдары елдер арасындағы келісімді нығайту тетіктерін бір сұхбат алаңында талқылады. Жастар арасында ешқандай шекара жоқ. Осы іс-шара арқылы біз жастардың бейбітшілік үшін ынтымақтастық жасап, бастамаларды қолдау алатынына дайын екенін көрсеткіміз келді», - деді Ш. Байманов сессияда.

Сессияға Ресей, ҚХР, Қырғызстан, Германия, Түркия, Беларусь, Әзірбайжан және Тәжікстаннан жастар ұйымдары қатысты.

Сессия аясында жастар ұйымдарының көшбасшылары «Нұр Отан» партиясының басшылығымен кездесіп, өңірдегі және дүние жүзіндегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту ісіндегі әріптестікті нығайту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, «Жас Отан» ЖҚ және Беларусь пен Түркияның жастар ұйымдары арасындағы екіжақты келісімдерге қол қойылды.

Арнайы жастар сессиясы 27 қазанға дейін созылады. Сессия қорытындылары бойынша оған қатысушылар дүниежүзілік қоғамның жер бетіндегі зорлық-зомбылық пен дауларға қарсы күш біріктіруіне бағытталған Жастарға үндеу қабылдады.

Ботагөз Айтжанова




Яндекс.Метрика