Басқару

ҚР ІІМ алқа мәжілісінде ТЖ саласындағы қызмет мәселелері талқыланды

ҚР ІІМ-де ішкі істер министрі Қ.Н. Қасымовтың төрағалық етуімен орталық аппараттың және комитеттердің, төтенше жағдайлар жөніндегі өңірлік департаменттердің басшылық құрамының қатысуымен кезекті алқа мәжілісі өтті.
Нұр-Сұлтан22 Қазан , 12:31

Күн тәртібінің негізгі мәселесі ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ағымдағы жылдың 9 айындағы қызметін және алдағы кезеңге арналған басым міндеттерді қарау болды.

Ағымдағы жылы Төтенше жағдайлар комитеті 11,5 мың төтенше жағдай және табиғи және техногендік сипаттағы оқиғаларды тіркеді. Жедел қызметтердің «112» және «101» телефондарына азаматтардан 3,6 мың қоңырау келіп түсті.

«Төтенше жағдайлардың салдарларын жою үшін апатты-құтқару жұмыстарына 49 мың рет шығып, 450 әуе рейсі жасалды, нәтижесінде 6527 адам құтқарылып, 38967 адам қауіпсіз орынға көшірілді, 4894 адамға алғашқы медициналық жедел жәрдем көрсетілді (оның ішінде трассалық медициналық-құтқару пункттері жұмыс істеді). Емдеу мекемелеріне 2799 жәбірленуші жеткізіліп, ем қабылдады. Суға түсу маусымында су қоймаларынан 836 адам, оның ішінде 173 бала құтқарылды», - деп хабарланды.

Алқа мәжілісінде қысқы кезеңге 12 мыңнан астам адам мен 18000 бірлік техниканы құрайтын азаматтық қорғаныс күш-құралдарының дайындығына ерекше назар аударылды. Жол таңдамайтын 925 техниканың дайындығы жоғары деңгейде.

Республикалық маңыздағы жол бөліктерінде жылу пункттері ретінде трассалық медициналық-құтқару пункттері пайдаланылатын болады.

Алқа мәжілісінің қорытындылары бойынша министрлік орталық аппарат қызметтерінің және өңірлік департаменттерінің басшыларына қаралып отырған проблемалар бойынша нақты тапсырмалар берілді. 




Яндекс.Метрика