Өңірлер

Н. Ермекбаев Ақтөбе облысының ҮЕҰ діни экстремизмнің алдын алуға белсенді қатысуға шақырды (ФОТО)

Ақтөбеде ҚР дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев және Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдегі діни жағдайды, осы саланы реттеу бойынша мемлекет қабылдап жатқан шараларды, азаматтық қоғам институттарын өңірлік деңгейде қолдау және мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға жәрдемдесу мәселелерін талқылады.
Ақтөбе 22 Қазан, 13:16

Н. Ермекбаев үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесу барысында «үшінші сектор» институттарының қоғамның әлеуметтік проблемаларын шешудегі рөлін атап өтті, оларды діни экстремизмнің алдын алу жұмысына белсенді қатысуға, жобаларын нақты әлеуметтік топтардың өзекті мәселелерін шешуге бағыттауға шақырды, деп хабарлады ведомство.

«Министр жергілікті атқарушы органдарға өз бюджеттерін қалыптастыру кезінде ҮЕҰ-мен және әкімдердің халыққа есеп беру барысында айтылған халықтың әлеуметтік сұратуларына назар аудару керектігін айтты», - делінген хабарламада.

Қаланың ЖОО студент жастарымен кездесу барысында ведомство басшысы жастарды дамыту үшін қолайлы жағдайлардың жасалуына және мемлекеттік жүйелі қолдау көрсетілуіне баса назар аударды, әр түрлі ағымдардың ықпалына ұшырамау үшін діни білім алуға мешіт имамдарына баруды ұсынды.

Осы күні министр Алға ауданында болып, «Ақтөбе» медресесінің, «Аңсар» ақпараттық-ресурстық орталығының қызметімен танысты, облыс мешіттерінің имамдарымен және теологтарымен кездесті. Зайырлы мемлекеттің конституциялық қағидаттарын сақтау және нығайту қажеттігін атап өтті.  

Сапар қорытындылары бойынша оңалту жұмыстарының тиімділігін арттыру шеңберінде кешенді шаралар қабылдау бойынша жергілікті деңгейдегі жүйелі жұмысты жалғастыру, өңір мешіттеріне білікті теологтарды тарту мәселесін шешу ұсынылды.

Министрліктің Дін істері комитеті жүргізіп жатқан жұмыс шеңберінде 2016 жылдың басынан бастап Ақтөбе облысы бойынша 1750 іс-шара жүргізілген, 54 000 адам, соның ішінде 1300-ден астам сотталғандар қамтылған.





Яндекс.Метрика