Ұлт жоспары 100 нақты қадам

А. Цой: Денсаулық сақтау министрлігі МӘМС енгізу мерзімін ауыстыруды жоспарламайды

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуді 2020 жылға дейін де созуға болады, бірақ Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінде қазір сақтандыру қажеттілігі пайда болды. МӘМС-ті неғұрлым ерте іске қоссақ, жүйенің өзіндегі құрылымдық өзгерістерді де соғұрлым жылдам іске асыра аламыз, деді ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Алексей Цой.
Нұр-Сұлтан22 Қазан , 11:58

Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуге дайындық жүріп жатыр, ол, бірінші кезекте, денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығын орнатуға және бәсекелестікті күшейту арқылы көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсартуға арналған. Медициналық сақтандырудың енгізілуімен қоғамда әрқайсысының өз денсаулығы үшін ортақ жауапкершілігі ретінде азамат пен мемлекет арасындағы қарым-қатынастардың жаңа жүйесі пайда болады.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі МӘМС енгізудің тұжырымдамалық тәсілдерін әзірледі. Қазіргі уақытта денсаулық сақтау жүйесінде 3 негізгі жүйелік проблема орын алады: азаматтар мен жұмыс берушілердің денсаулығын сақтауға деген ортақ жауапкершілігінің болмауы, жүйенің қаржылық тұрақсыздығы мен медициналық ұйымдардың төмен тиімділігі және қаражаттың ашық бөлінбеуі.

Дегенмен, қоғамда осы жүйеге қатысты туындап отырған даулы сұрақтар мен сын аз емес. Депутаттар мемлекеттің 2018 жылғы қаңтарға дейін МӘМС енгізілуіне дайындалып үлгеретініне күмәнданды. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Владислав Косарев оны енгізу мерзімін 2018 жылғы қаңтардан 2019 жылғы қаңтарға дейін ауыстыруды ұсынды.

ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Алексей Цой енгізу мерзімін 2020 жылға дейін де созуға болады, бірақ Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінде дәл қазір әлеуметтік сақтандыруда үлкен  қажеттілік пайда болғанын мәлімдеді.

«Біз денсаулық сақтау саласына көп шығынданамыз, яғни біз дәрі-дәрмектерге, қандай да бір жеке консультацияларға өз қалтамыздан ақша төлейміз және бұл сома 37%-ға дейін жетті, ал ұсынылатын бастапқы деңгейі 20%-ға дейін жетуі тиіс. Егер 20%-дан асса – бұл жүйенің тұрақсыз екенін білдіреді. Денсаулық сақтау жүйесінің идеологиясын өзгерту біз үшін өте маңызды. Неғұрлым ерте бастасақ, осы құрылымдық өзгерістерді соғұрлым жылдам іске асыра аламыз», - деді вице-министр «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша жұмыс тобының отырысы барысында.

А. Цой атап өткендей, 2018 жылдан бастап МӘМС-тің енгізілуімен, бірінші кезекте, амбулаториялық-дәрілік қамтамасыз ету көлемі кеңейеді. Бүгінгі күні ол азаматтар дәрі-дәрмектерді тегін алатын 49 нозология.

«Жүйенің өзі бұрыннан бері әзірленіп жатыр, ол бойынша жетекші халықаралық ұйымдардан шақырылған сарапшылары жұмыс істеген болатын», - деп атап өтті ол.

Одан басқа, вице-министр қазіргі уақытта Қазақстанда учаскедегі бір дәрігерге орта есеппен 2200 адамнан келетінін айтты. МӘМС-тің енгізілуі жалпы практика дәрігерлеріне түсетін жүктемені кезең-кезеңмен азайтуды, медицина қызметкерлерінің жалақысын ұлғайтуды көздейді.

Өз кезегінде, ҚР ДСӘДМ Астана қаласының Медициналық қызметтерге ақы төлеу департаменті басшысының орынбасары Ләззат Шоманова МӘМС мемлекеттің, жұмыс берушінің және әрбір адамның ортақ жауапкершілігіне негізделгенін атап өтті. Осы ретте мемлекет –экономикалық белсенді емес халық үшін, жұмыс берушілер – жалдамалы қызметкерлер үшін, ал салық органдарында тіркелген жұмысшылар мен өз бетінше жұмыс істейтін азаматтар өздері үшін  жарналарды жүзеге асыратын болады. Осылайша, қаржы қаражатын тиімді бөлу қағидаты жұмыс істейтін болады.

«МӘМС жүйесіндегі азаматтар жүйе бойынша жедел медициналық жәрдем, санитариялық авиация қызметтері, шұғыл жәрдем және профилактикалық егу сияқты медициналық қызметтердің кепілдік берілген көлемін ала алады», - деп түсіндірді сарапшы.

Оның айтуы бойынша, МӘМС жүйесінде төрт қатысушы болады. Ол мемлекет, жұмыс беруші, жұмыскерлердің өздері және өз бетінше жұмыс істейтін азаматтар. Мемлекет 60%-дан жоғары көлемде жарналарды қамтамасыз етеді, жұмыс берушілер 2017 жылдан бастап жалақыдан пайыздарды аударуы тиіс болады.

«Жалақыдан пайыздық жарналарды 2024 жылға дейін біртіндеп ұлғайту жоспарланып отыр.

Басқаша айтқанда, МӘМС енгізілуі денсаулық сақтау саласының шығыстарын 2017 жылы - 28%-ға, 2018 жылы - 54%-ға, 2019 жылы 58%-ға дейін өтеуге мүмкіндік береді.  

«Әлем бойынша медициналық көрсетілетін қызметтердің қазіргі жай-күйінің біздің мемлекетімізге қойып отырған сын-тегеуріндері бізді азаматтарымызға жоғары технологиялық қызметтер көрсетуге міндеттейді. Біз денсаулық сақтау жүйесін ресурстармен толтыруымыз қажет.», - деді Л. Шоманова.

МӘМС-ке қатысушылар аударатын барлық қаражат әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында жинақталатынын атап өту қажет. Қорға қатысушылардың жеке табыстары мен қордағы жинақтау көлемдеріне қарамастан, олардың көрсетілетін қызметтерге қолжетімділігі бірдей болады.  Азаматтар мен денсаулық сақтау ұйымдары қорға қызметтерді көрсету сапасы мен толықтығына қатысты шағымдарын жібере алады.

Индира Қауметова

 




Яндекс.Метрика