Халықаралық интеграция

Словакия Қазақстанды сенімді әріптес ретінде санайды

Словакия Қазақстанды негізгі әріптес ретінде санайды және сауда-экономикалық әріптестікті кеңейтуге дайын, деді Словакия Республикасының сыртқы және еуропалық істер министрі Мирослав Лайчак Қазақстанның Чехия мен Словакиядағы елшісі Сержан Әбдікәрімовпен Братиславадағы кездесу барысында.
Әлемде 22 Қазан, 11:03

ҚР СІМ хабарлағандай, келіссөздердің мақсаты екіжақты саяси, сауда-экономикалық және мәдени-ізгілікті қарым-қатынастардың жай-күйі мен болашағын талқылау, сондай-ақ 2016 жылғы қарашаның басында Словакияның СІМ басшысының Астанаға ресми сапарына дайындық мәселелері болды.

Қазақстандық дипломат министрді Братиславаның Еуропалық Одақ Кеңесінде сәтті төрағалық етуімен құттықтап, ел үкіметінің ЭКСПО-17 халықаралық көрмесіне қатысу туралы шешімі үшін және Словакия Парламентінің ҚР мен ЕО арасындағы әріптестік және ынтымақтастық туралы жаңа келісімді ратификациялағаны үшін алғыс білдірді.

С.  Әбдікәрімов Словакияның СІМ басшысы – ЕО төрағасының алдағы сапары екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға серпін беріп қана қоймай, сонымен қатар Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.

М.  Лайчак Братислава Астананы өңірдегі негізгі әріптес ретінде санайтынын және біздің елмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін, сондай-ақ Астанаға сапары барысында нақты экономикалық жобаларды анықтау және іске асыру мақсатында қазақстандық әріптестермен жаңа байланыс орнатуға ниетті бизнес-делегацияның да келетінін атап өті.   

Одан басқа, СІМ хабарлауы бойынша, елші Экономика министрлігінің мемлекеттік хатшысымен, Словакия Парламентінің «Словакия - Қазақстан» парламентаралық достық тобының басшылығымен және мүшелерімен кездесті, кездесу барысында сауда-экономикалық мәселелер, осы елдің Астанадағы ЭКСПО-17 көрмесіне қатысуға дайындығы және екіжақты парламенттік дипломатияны дамыту мәселелері талқыланды.  

 

 





Яндекс.Метрика