Адами капитал

Қосымша дактилоскопиялық тіркеу жалған құжаттарды жасаудан қорғайды – ІІМ (ФОТО)

Қосымша дактилоскопиялық тіркеу жалған құжаттарды жасаудан қорғайды. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Жедел-криминалистикалық департаментінің бастығы Серік Сайынұлы мәлімдеді.
Нұр-Сұлтан 18 Қазан, 16:14

«Ағымдағы жылғы 14 қазанда Ішкі істер министрлігінде «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобасы бойынша ішкі істер органдарының қызметі мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңес мүшелерінің, мемлекеттік органдар, БАҚ, кәсіподақ және өзге ұйымдар өкілдерінің, сондай-ақ сарапшылар мен өзге мамандардың қатысуымен қоғамдық тыңдау өткізілді», -деді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Жедел-криминалистикалық департаментінің бастығы Серік Сайынұлы.

Заң жобалары 2016 жылғы 10 маусымдағы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Мемлекет басшысының тапсырысы бойынша әзірленді. «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дактилоскопиялық және геномдық тіркеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заң жобалары e.gov.kz ашық нормативтік актілер интернет-порталында және ІІМ-нің ресми порталында жарияланды.   

Заң жобасын қабылдау мақсаты жеке басты куәландыратын құжаттарға адамды сәйкестендірудің заманауи технологиясын енгізу қажеттілігінен туындап отыр.  

Қоғамдық кеңес мүшелері Қазақстанда биометриялық паспорттық-визалық құжаттарына қосымша дактилоскопиялық параметр енгізу биометриялық анықтау және сәйкестендіру жүйесін құруға және енгізуге,  құжаттарды жалған жасаудан, ал олардың иелерін алаяқтық және өзге қылмыстық әрекеттерден қорғайтынын атап өтті. Сондай-ақ ақпараттық жүйені пайдалана отырып іске асырылатын мемлекеттік және жеке меншік қызмет көрсетулерінің түрлерін кеңейтеді, визалық режимді жеңілдетеді және көші-қон қауіпсіздігінің тиімділігін арттырады.

Қазақстанда  жеке басты, жанұяны куәландыратын он бір құжаттың жетеуі (паспорт және азаматтың жеке куәлігі, шетелдіктің ықтиярхаты, азаматтығы жоқ адамдың куәлігі, дипломатиялық және қызметтік паспорттар, теңізшінің жеке куәлігі)  құжаттың иесі туралы, оның ішінде биометриялық ақпарат – фотобейнесі, қолы туралы граяикалық және мәтіндік ақпараттар қорғалған түрде биометриялық және микросызбалар болып табылады.

Биометриялық құжаттар ICAO халықаралық стандарттарға сәйкес келеді, оларда адамның беті жаһандық биометриялық технология арқылы танылады, оған қосымша әрбір мемлекет факультативті түрде саусақ іздерін тану технологиясын пайдалана алады.

Тыңдауға қатысушылар тұлғаны сәйкестендіру бойынша биометриялық технологиялардың заманауи мүмкіндіктері әртүрлі мемлекеттердің паспорттық-визалық тіркеу жүйелеріне енгізілгені туралы айтып өтті. 2009 ж. Еуропалық Одақ регламентімен Визалық кодекс қабылданды, соған сәйкес Шенген аймағына кіру үшін виза алу кезінде шетел азаматтарына биометриялық тіркеуден өту қажет. Онда қолдың 10 саусағының іздері алынады және 5 жылға кем емес уақытқа дейін сақталынады, мерзімі өткен жағдайда дактилоскопиялық тіркеу қайталанады. Германияда, ҚХР, Түркияда, ТМД қатысушы мемлекеттерде (Өзбекстан, Белорусь, Ресей Федерациясы және басқалары) барлық жасы үлкен азаматтарды және мемлекетке келетін шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды кезең-кезеңмен дактилоскопиялық тіркеу жүргізіледі.

Халықаралық тәжірибені ескерсек, Қазақстанда жеке тұлғаны куәландыратын құжаттарда және Қазақстан Республикасының визаларында қосымша биометриялық ақпаратты қолдану үшін объективті жағдай жасалған.

Сонымен қатар соңғы жылдардағы оқиғалар экстремистік құрылымдар мен террористік ұйымдар қызметінің белсенді болуын, еліміздегі бейбіт азаматтарға қарсы бағытта жасалған қылмыстар мен террористік актілердің көбеюін көрсетіп отыр. Осыған байланысты қарастырылатын заң жобасын әзірлеу және қабылдау өзекті болып отырғанын қоғамдық тыңдауға қатысушылар атап өтті.

 





Яндекс.Метрика