Өңірлер

Астанада Маңғыстау облысының жетістіктері таныстырылған көрме өтеді

Елорда тұрғындары үшін өңірдің тарихы мен мәдениетінің ерекшеліктері туралы кеңінен ақпарат алуға мүмкіндік беретін арнайы бағдарлама жасақталған. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды.
Астана қаласы30 Қыркүйек , 13:19

1 қазан күні сағат 16.00-де Бейбітшілік және келісім сарайында Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Жаңғырған асыл мұра» және облыстық кітапхананың  «Түп-төркінін төрге оздырған Маңғыстау»  атты көрмелері ашылады.

«Жаңғырған асыл мұра» көрмесі астаналықтарды «Ұлыстың ұраны – Пір Бекет», «Маңғыстаудың дәстүрлі қолданбалы өнері», «Түбек табиғатының таңғажайыптары», «Қазыналы өлкенің қарышты қадамдары», «2014-2015жж. Маңғыстау облысында жүргізілген археологиялық жұмыстар» атты көрме бөлімдерімен таныстырады. «Ұлы дала Абызы» атты көрме қойылымы Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Ә.Кекілбаевтың өмірі мен шығармашылығы  туралы айтатын болады.

«Түп төркінін төрге оздырған Маңғыстау» атты көрмесінде Маңғыстау облысының ел тәуелсіздігінің 25-жылдығында жеткен жетістіктері, өңірдің тарихы мен әкімшілік-территориялық картасы, ауыл шаруашылығының, медицинасының, мәдениетінің дамуы туралы мәлімет беретін баспасөз материалдары мен кітаптары қамтылған.

Дәл осы күні сағат 18.00-де Бейбітшілік және келісім сарайында «Жаңғырған Маңғыстаудан – Жасампаз Астанаға» Маңғыстау облысы өнер шеберлерінің Гала-концерті өтеді. Концерттік бағдарламада Маңғыстау облысының атақты, кеңінен танымал, жан-жақты музыкалық жанрдағы, әр-түрлі бағыттағы аспапты және вокалды мектептерінің өнерпаздарының өнерін тамашалау қарастырылған.

Музыкалық – поэзиялық театрландырылған бағдарлама ерекше формасы бар үш бөлімнен тұрады: этно-фольклорлық, академиялық және эстрадалық. Концертте Мұрат Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының «Ақжарма» фольклорлық ансамблі, әнші солисттері, «Абай» атындағы мәдени-демалыс кешенінің «Жорға» би ансамблі, джаз ансамблі,  «Ертегілер» тобы, сондай-ақ ҚР еңбегі сіңген қайраткер Айгүл Қосанова, «Құрмет» орденінің иегері Тамара Асар, «Қазақстан дауысы - 2015» жобасының жүлдегері Бауыржан Ретбаев  және т.б. өнер көрсетеді.

2 қазан күні сағат 11.00-де Астана қаласында ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасында Қазақстан Республикасының Еңбек Ері, Халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Әбіш әлемі» журналының тұсаукесері өтеді. Таныстырылым барысында облыстық кітапхананың  «Аңызға айналған Абыз» атты кітап көрмесі мен облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Ұлы дала Абызы» атты жылжымалы көрмесі ұйымдастырылады. Көрмеге қаламгердің өмірден өткеннен кейінгі шетел жазушыларының, қоғам қайраткерлерінің, Парламент, Сенат депутаттарының баспасөзде жарияланған материалдары және басқа тілге аударылған кітаптары қойылады.М.Горкий атындағы Мемлекеттік Академиялық орыс драма театрында Н.Жантөрин атындағы музыкалық-драма театрының Әбіш Кекілбайұлы шығармасының желісімен сахналанған «Шыңырау» драмалық қойылымы көрсетіледі.

            




Яндекс.Метрика