Инвестициялар

Алматыда автобустар құрастыру зауыты пайда болады

Алматыда автобустар құрастыру зауыты салынады. Оны іске асырудың негізгі кезеңі ағымдағы жылғы желтоқсанда аяқталады.
Алматы қаласы30 Қыркүйек , 09:37

Қала әкімдігінде хабарланғандай, «FalconEuroBus» компаниясы жобаға 24 млрд теңгеден артық қаражат инвестициялайды. Құрылыс кезінде отандық материалдардың 90%-ы қолданылады. Зауыт ең заманауи жабдықпен жарақтандырылады. 

Жалпы ауданы 7 гектарды құрайтын жер учаскесінде әкімшілік ғимарат, құрастыру және бояу цехтарын, қосалқы бөлшектерге арналған екі қойма, жөндеу аймағын, жанармай құю станциясын, 255 автобусқа арналған жабық көлік тұрағын, сондай-ақ жүргізушілерге арналған оқу орталығын салу жоспарлануда.

 «Ағымдағы жылдың желтоқсанында паркке Германиядан еуро 5 экологиялық стандартының алғашқы 20 автобусы, ал кейін тағы 50-і келіп түседі. Ал келесі жылдың ортасында неміс маркасының автобустары Алматы қаласында жинау жоспарлануда», - делінген  хабарламада.

Бұл ауа баптағыштармен жарақтандырылған 12 және 18 метрлік қолайлы қалалық автобустар. Осы жобаның іске асырылуы 1300-ге жуық жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді, деп түсіндірді әкімдікте.

Бұрын Алматы қаласының мәслихаты Алатау ауданында тағы бір жаңа коммуналдық автобус паркінің құрылысы жобасын мақұлдағанын еске саламыз, оған бюджеттен 5,1 млрд. теңге қаражат бөлінеді.

Қаланың көлік инфрақұрылымын дамыту «Алматы 2020» даму бағдарламасының басым бағыттарының бірі болып табылатынын атап өту қажет.




Яндекс.Метрика