Адами капитал

Астанада 120 жас ғалым жаңа пәтер кілтін алды (ФОТО)

Мұғалімдер күні қарсаңында С. Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университеттің жас ғалымдарына, докторанттары мен магистранттарына жаңа баспананың кілтін табыстау салтанаты өтті.
Астана қаласы 29 Қыркүйек, 13:01

Шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Андрей Лукин, «С.Сейфуллин атындағы Қазақ АТУ» АҚ Басқарма төрағасы Ақылбек Күрішбаев қатысты. 

Елорда әкімінің орынбасары Андрей Лукин өз сөзінде Мемлекет басшысы халықты баспанамен қамтуға баса назар аударатынын атап өтті. Бүгінгі таңда Астанада тұрғын үймен қамтамасыз ету бір адамға шаққанда 29 шаршы м жуықтады, жыл сайын 2 млн шаршы м жуық тұрғын үй тапсырылады.

«Баспаналы болғандарды құттықтаймын, Қазақ агротехникалық университетінде осындай дәстүр қалыптасқан, бұл еліміздегі үздік жоғары оқу орындарының бірі. Мердігерлеріміз рекордты қысқа уақыттың ішінде – 10 айда әдемі үйлер салып бітірді. 120 адам қоныс тойын тойлайды. Бұл қаланың орталық бөліктерінің бірі. Мұнда баланың сыңғырлаған күлкісі естіліп, ақсақалдарымыз демалады, ал ең бастысы, бұл ғылыммен, шығармашылықпен, жастарымызды тәрбиелеумен айналысуды жалғастыруға ынталандырады. Баршаңызға бақыт пен көтеріңкі көңіл күй тілеймін», - деді А. Лукин.

Елорда әкімдігінің қолдауымен университеттің жас оқытушылары, докторанттары мен магистранттары үшін Есіл өзенінің сол жағалауында 120 пәтерлік үш бес қабатты үй бой көтерді. Академиялық мобильділік бағдарламасы аясында шетелде тағылымдамадан өткен жас оқытушыларға және «Болашақ» халықаралық бағдарламасының стипендиаттарына пәтер кілті табысталды.

Баспана алғандардың бірі Ветеринария және мал шаруашылығы технологиялары факультетінің екінші курс докторанты Қанат Тұрсынов билік пен университет басшыларына алғыс айтып, өз қуанышымен бөлісті.

«Мен Ақмола облысынанмын, бұған дейін жұбайыммен университеттің жатақханасында тұрып келдік, енді баспаналы болдық, өте қуаныштымын. Осы университетте бакалавриатты, магистратураны бітірдім, енді докторантурада оқып жүрмін», - деді ол.

Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, аумақта қалған бос орынға профессорларға арналған баспана салынады. 

«30 жылда біздің университетке  алғашқы рет біздің университетке қызметтік баспана салынды. Университетіміз ҚР Президентінің тапсырмасымен  оқыту бағдарламаларын жүзеге асыруға кірісті, осы орайда оқытушыларға қолдау көрсету қажет.Осыған дейін баспана мәселесі өршіп тұрған еді. 2 жыл бұрын мен Елбасының жеке қабылдауында болдым.  Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке  қаражат бөліп, 120 пәтерлік қызметтік тұрғын салуға тапсырма берді», - деді А.Күрішбаев.

Оның айтуынша, пәтер беруге іріктеуде жас оқытушыларға басымдылық берілді.

Индира Кауметова

Сурет: Азамат Әлиев 

 





Яндекс.Метрика