Ұлт жоспары 100 нақты қадам

Т. Дүйсенова: МӘМС-ті енгізу денсаулық сақтау саласының қаржылық тұрақтылығы жүйесін қамтамасыз етеді

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Министрі Тамара Дүйсенова Алматыдағы жұмыс сапарының аясында С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университеті Ғылыми кеңесінің отырысына қатысып, ЖОО оқытушыларына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің негізгі қағидаларын түсіндірді.
Алматы қаласы27 Қыркүйек , 09:52

Отырыста сөз сөйлеген Тамара Дүйсенова МӘМС-ті енгізу – дамыған елдердің тәжірибесі бойынша мемлекет пен азаматтардың денсаулық сақтау саласындағы тең дәрежедегі жауапкершілігінің негізінде ҚР денсаулық сақтау саласының қаржылық тұрақтылығы жүйесін қамтамасыз етіп, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыратынын, сонымен бірге, амбулаторлық-дәрілік қамсыздандыруды ұлғайтуға бағытталатынын атап айтты.

Сондай-ақ, МӘМС жаңа технологияларды енгізуге ықпал етіп, медициналық қызметтерді ұсынушылар арасындағы бәсекелестікті арттыру және медициналық қызметкерлердің кәсібилігі мен жалақысын арттыру арқылы медициналық қызметтің сапасын көтеруге мүмкіндік береді.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу аясында медициналық ЖОО-ға зор жауапкершілік арттырылады. Кадрлары даярлау жүйесі денсаулық сақтау ұйымдарының жаңа жағдайда тиімді қызмет етуін қамтамасыз етуі керек. Медициналық қызметтердің сапасы мен МӘМС жағдайындағы жалпы денсаулық сақтау жүйесі мен әрбір емхананың бәсекеге қабілеттілігі – медициналық қызметкерлерлің кәсіби даярлығы мен біліктілігіне тәуелді болмақ. Осы тұрғыда сіздердің университеттеріңіз, ұлттық оқу орны ретінде жаңа бастамаларды жүзеге асыру шараларында көшбасшы болып, жетекші академиялық және зерттеу орталығына айналуы тиіс», - деді ол.

Сонымен бірге, Министр университеттің халыққа қызмет көрсету саласында практикалық денсаулық сақтау ұйымдарымен тығыз қарым-қатынаста болуы өте маңызды екенін атап айтты.

«Университеттің клиницист профессорлары мен доценттері қатардағы дәрігерлерден шын мәнінде жоғары болып, өз тәжірибелерінің негізінде студенттер, интерндер мен резиденттерді оқытуы маңызды. Жақсы мысал ретінде Алматы қаласында орналасқан біздің ғылыми орталықтармен ынтымақтастықты атауға болады. Аталған интеграция практикасын енгізуді әрі қарай жалғастыру керектігіне сенімдімін. Біз үшін барлық медициналық ЖОО түлектері шын мәнінде әлемнің және еліміздегі денсаулық сақтау саласының бүгінгі таңдағы талаптары мен шарттарына сай болуы – біз үшін зор маңызға ие», - деп атап айтты Тамара Дүйсенова.  

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда үздік халықаралық тәжірибені есепке ала отырып мемлекет, жұмыс беруші және әрбір адамның ынтымақты жауапкершілігінің негізінде әзірленген медициналық сақтандыру жүйесін енгізу жұмыстары басталады. Сонымен қатар, мемлекет экономикалық белсенділігі төмен халық үшін жарна төлейтін болады. Жұмыс берушілер – жалдамалы жұмысшылар үшін, қызметкерлер мен салық органдарында тіркелген өзін-өзі қамтыған азаматтар өздері үшін төлейтін болады.




Яндекс.Метрика