Тәуелсіз Қазақстанның жаһандық бастамалары – әлемнің гүлденуіне үлес қосу

Қ.Тоқаев «Ядролық қарусыз әлем құру» конференциясының қатысушыларымен бірқатар кездесу өткізді (ФОТО)

Қ.Тоқаев Болгарияның Вице-Президентімен, Панафрикалық парламенттің басшысымен және антиядролық форумның басқа да қатысушыларымен кездесті, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Астана қаласы 30 Тамыз, 13:41

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ядролық қарусыз әлем құру» халықаралық конференциясына қатысушылармен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Төраға Болгарияның Вице-Президенті Маргарита Поповамен келіссөз өткізіп, антиядролық форумдағы мазмұнды әрі жылы шырайлы сөздері және Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін белсенді қолдағаны үшін мейманға алғыс айтты.

Қ.Тоқаев Болгарияның ядролық қаруды таратпау саласындағы күш-жігері мен Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың тезірек күшіне енуі қажеттігіне қатысты елдің қағидатты ұстанымын құптайтынын атап өтті. Тараптар Қазақстан мен Болгарияның парламентаралық байланыстарының жоғары деңгейін, сондай-ақ сауда-экономика саласындағы ауқымды келешектің бар екенін атап өтті.

Астана антиядролық конференциясының қорытындылары Қ.Тоқаевтың Панафрикалық парламенттің Президенті Роджер Нкодо Дангпен кездесуінде де қаралды. Қ.Тоқаевтың пікірінше, Р.Дангтың Семей полигонының жабылуына 25 жыл толуына арналған форумдағы сөзі Қазақстан халқымен ниеттестіктің бейнесі ғана емес, біздің еліміздің Африка елдерімен қатынастарды нығайтуға игі ықпал етеді. Біздің еліміз ірі және ықпалды аймақтық парламенттік бірлестік – Панафрикалық парламентпен тығыз байланыстар орнатуға ықыласты, деп атап өтті Сенат Төрағасы. Бебітшілік пен қауіпсіздіктің өзекті мәселелері, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты нығайтудағы заң шығару органдарының рөлі Сенат Төрағасының ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Вице-президенті, Әзербайжан Милли Меджлисінің депутаты Азай Гулиевпен, сондай-ақ Оңтүстік Африка Республикасы Парламентінің мүшесі Йоханнес Разерити Таумен кездесуінде талқыланды. Сол күні Қ.Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының Қарусыздану мәселелері жөніндегі бұрынғы Жоғары Өкілі Серхио Дуартені қабылдады.

 





Яндекс.Метрика