Халықаралық интеграция

Қ.Тоқаев Ядролық қаруға қарсы форум аясында бірқатар кездесулер өткізді (ФОТО)

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ядролық қарусыз әлем құру» халықаралық конференциясына қатысушылармен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Астана қаласы 29 Тамыз, 17:36

Қ.Тоқаев БҰҰ Бас Хатшысының Орынбасары, БҰҰ Женева Бөлімінің Бас Директоры, Қарусыздандыру жөніндегі конференцияның Бас хатшысы Майкл Мёллермен БҰҰ қызметінің келешегін талқылады. Сенат Төрағасы Біріккен Ұлттар Ұйымының әлемдік істердегі жетекші әрі орталық рөлі туралы Қазақстанның қағидатты көзқарасын атап өтті.

Сенат Төрағасы ол тұжырымдардың БҰҰ Бас Ассамблеясының және Қауіпсіздік Кеңесінің ресми құжаты мәртебесіне ие болған Президент Н.Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінде егжей-тегжейлі мазмұндалғанын айтты. Ядролық сынаққа жалпыға бірдей тыйым салу туралы шарт ұйымы Даярлау комиссиясының Атқарушы хатшысы Лассина Зербомен кездесу барысында халықаралық қауіпсіздік және ядролық қаруды таратпаудағы өзекті мәселелерді талқыланды.

Қ.Тоқаев біздің еліміздің Ядролық сынаққа жалпыға бірдей тыйым салу туралы шарттың тезірек күшіне енуін жақтайтынын атап өтті. Қазақстан Парламенті Жоғарғы Палатасының басшысы Корея Республикасының қосылу министрі Хон Ён Пёні де қабылдады. Қ.Тоқаев Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың биылғы қарашада Сеулге сапары біздің барлық саладағы, оның ішінде ядролық қаруды таратпау мәселелеріндегі тығыз ынтымақтастығымызға жаңа серпін беретініне сенім білдірді. Сондай-ақ Қазақстан Сенаты мен Оңтүстік Кореяның Ұлттық Ассамблеясы арасындағы өзара іс-қимылдың келешегі де айтылды. Кездесу барысында Корея жарты аралында ядролық қаруды таратпау мәселелері қозғалды.

 

 





Яндекс.Метрика