Басқару

Елбасы Парламентаралық одақтың төрағасымен ынтымақтастықты нығайтуды талқылады

Нұрсұлтан Назарбаев Парламентаралық одақтың төрағасы Сабер Чоудхуримен кездесті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Астана қаласы29 Тамыз , 16:13

Кездесу барысында парламентаралық өзара іс-қимылды нығайтудың, ұйыммен ынтымақтастықты одан әрі тереңдетудің перспективалары қаралды. Тараптар сондай-ақ, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады.

Мемлекет басшысы халықаралық антиядролық конференцияға қатысу үшін елімізге сапармен келгені үшін С.Чоудхуриге алғыс айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев түрлі елдердің парламент  мүшелері арасындағы тығыз байланыстың, халықаралық қауіпсіздікті нығайту және ядролық қарудан азат әлем қалыптастыру үшін бірлесе қызмет ету жолында жұмылудың маңыздылығын атап өтті.

С.Чоудхури қонақжайлық үшін алғыс айтып, елімізбен стратегиялық және достық қарым-қатынасты одан әрі дамыту үшін барлық күш-жігерін жұмсауға дайын екенін жеткізді.

Сондай-ақ, Елбасы Ресей Федерациясының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, жазушы Леонид Млечинмен кездесті.

Кездесу барысында заманауи әдебиеттің ахуалы мен перспективалары, сондай-ақ қоғамдық дамудың өзекті мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы жазушының және барша әдебиет өкілдерінің оқырманды мәдени әрі рухани байыту жолында сіңірген елеулі еңбегіне назар аударып, жұмысына жаңа табыс тіледі.

Л.Млечин өзінің соңғы туындылары мен алдағы шығармашылық жоспарлары туралы айтты.

 

 

 

 




Яндекс.Метрика