Басқару

Н. Назарбаев: Олимпиадалықтардың жеңісі көпэтникалық Қазақстан халқының бірлігін айқындады

Олимпиада медалі, жоғары спорт нәтижелері мен спортшылардың жетістіктері Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналып отырған құрмет. Олимпиадалықтардың жеңісі көпэтникалық Қазақстан халқының бірлігін айқындады, деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегерлеріне құрмет көрсету салтанаты барысында.
Астана қаласы26 Тамыз , 16:12

«Құрметті, олимпиадалықтар, ардақты қазақстандықтар  сіздерді Риодағы ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарында  жоғары нәтиже көрсеткендіктеріңмен құттықтаймын. Олимпиада медалі, жоғары спорт нәтижелері  мен  спортшылардың жетістіктері   Тәуелсіздіктің 25 жылдығына  арналып отырған   құрмет», - деді Елбасы.

Президент айтып өткендей,  Ұлттық құрама тек өзінің серіктестерінің ғана емес, барша қазақстандықтар мен жанкүйерлердің үмітін ақтады.

«Олимпиадада ұлттық құрама  әр түрлі спорт түрінен 17 медаль алды, бұл өзге Олимпиадардағы көрсеткіштерден жоғары. Ресми емес медальдік нәтижеде біздің құрама  270 команданың ішінен  22  орынды алды», - деді Елбасы.

Сондай-ақ, Н.Назарбаев Олимпиадалықтардың жеңісі  көпэтникалық  Қазақстан халқының бірлігін айқындағанын айтып өтті.

«Біздің құрамада әр түрлі ұлт өкілдері бар,  бірақ бар Қазақстан сіздерге жанкүйер болды. Бізге осындай қуаныш сыйлағандарың үшін алғыс білдіреміз», - деді Н.Назарбаев.

Айта кетейік, төртжылдықтың басты додасында еліміздің намысын 26 спорт түрінен 104 спортшы қорғады.

Рио-де-Жанейро қаласында өткен Олимпиада ойындарында Қазақстан спортшылары 3 алтын, 5 күміс, 9 қола медаль еншіледі. Жалпы командалық есепте қазақ елі 22-ші орынды иеленіп, медаль саны жағынан рекорд жаңартты.+

Бұған дейін еліміз Атлантада - 11, Сиднейде - 7, Афиныда - 8, Бейжіңде - 13, ал Лондон Олимпиадасында 13 медаль еншілеген болатын. Ал осы жолы ұлттық құрама 17 жүлдені жеңіп алды.

Индира Кауметова




Яндекс.Метрика