Жалпыға бірдей еңбек қоғамы

Астананың Жұмыспен қамту орталығында сұранысқа ие мамандықтар аталды

Астанада Жұмыспен қамту орталығының тағы бір өкілдігі ашылды. Енді азаматтар орталықтың кеңсесіне бармай-ақ, қолайлы уақытында өзіне қажетті жұмысын сауда үйінде іздестіре алады.
Астана қаласы26 Тамыз , 14:57

«Қазіргі таңда Жұмыспен қамту орталығының базасында 3 мыңнан астам вакансия бар. Олардың қатарында жүзу бойынша бапкер, кинолог сияқты сирек кездесетін бос жұмыс орындары да кездеседі. Ал кең тараған вакансиялар – құрылыс саласының мамандары, көлік жүргізушілері. Олардың саны Астананың қарқынды дамуына, ЭКСПО нысандарының құрылысына байланысты өсіп келеді», - деді Астана қаласы Жұмыспен қамту орталығының баспасөз хатшысы Дидар Садықов.

Маманның айтуынша, мұнда жұмыс іздеушілерге мәліметтер базасындағы өзекті бос орындармен танысып, сұхбаттасуға жолдама алуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар, жастар практикасын, даярлау және қайта даярлау курстарын өту жағдайлары мен қажетті құжаттар жиынтығы туралы мамандардың кеңесін алуға болады.

«Қазіргі таңда Астана қаласы әкімдігінің Жұмыспен қамту орталығының 5 өкілдігі ашылған. Атап айтқанда, өкілдіктер – Тілендиев даңғылы бойында орналасқан «Рахмет» СҮ, Ақжол көшесінің бойындағы «Астықжан» СҮ және «Аружан» СОО-да орналасқан. Бұдан бұрын дәл осындай өкілдіктерді біз «Астаналық» базарында және «Гүлжан» СҮ аштық», - дейді Д.Садықов.

Оның мәліметінше, осыған дейін аталған өкілдіктерде жыл басынан бері 355 адам жұмысқа орналастырылды, 72 адам жастар практикасына жіберілді, 44 адам мамандарды даярлау және қайта даярлау курстарына бағытталды. Осы өкілдіктердің көмегіне барлығы 834 адам жүгінді.

«Белсенді шаралардың нәтижесінде Астана қаласындағы жұмыссыздық деңгейі Қазақстан бойынша ең төменгі - 4,7% көрсеткіш шамасында сақталып тұр», - дейді маман.

 




Яндекс.Метрика