Қазақстанның Тәуелсіздігі

Астананың жас суретшілері елорданың көрікті жерлерін қағаз бетіне түсірді (ФОТО)

«Астана» ұлттық сурет галереясы «PERSONA plus» Арт-орталығымен бірлесіп ҚР Конституция күніне және ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ашық аспан астында жас суретшілер пленэрін және «Көріскенше, шуақты жаз!» көрме-байқауын ұйымдастырды. Шараға шамамен 40 жас суретші қатысуда.
Нұр-Сұлтан 25 Тамыз, 15:58

Шараны ұйымдастырушы Досан Қауменнің айтуынша, плэнердің негізгі мақсаты – жасөспірімдер мен балалардың суретке деген қабілетін анықтау.

«Біз бұл пленэрді жасөспірімдер мен балалардың дарынын, қабілетін анықтап, суретке деген сүйіспеншілігін арттыру үшін қолға алдық. Бұл шараға шамамен 40 бала мен жасөспірім қатысуда. Әрі пленарға қатысушылар әсем Астананың көрікті жерлерін қағаз бетіне түсіре алады. Пленардан соң Астана сурет галереясы арнайы байқау өткізеді», - деді ол.+

Сонымен қатар, ұйымдастырушы байқаудың қашан және қалай ұйымдастырылатынын түсіндірді.

«Балалар нені қаласа, соны қағаз бетіне түсіре алады. Яғни елордамыздың әсем ғимараттарынан бастап, архитектуралық мақамдарды сала алады. Тақырып еркін. Ал байқау қорытындысы 31 тамыз, ҚР Конституция күні белгілі болады. Номинация жоқ. Жеңімпаздарды 1,2,3-орындар бойынша марапаттаймыз», - деді Досан Қаумен.

Байқауға қатысып жатқан 10 жастағы Диана Беккердің сурет салумен айналысқанына 4 жыл болыпты. Бүгін «Бәйтерек» монументін салуды жөн деп тапқан.

«Мен «PERSONA plus» Арт-орталығында оқимын. Сурет салғанды жақсы көремін. Себебі, бұл менің жан дүниеме қуат береді. Бүгін  елорданың басты символы – «Бәйтерек» монументін» салып жатырмын.  Қолыма қылқалам алғаныма 4 жыл болды», - деді жас суретші.

Айта кетейік, ашық аспан астындағы пленэр 26 тамызға дейін жалғасады.

Сурет: Бауыржан Жуасбаев

 





Яндекс.Метрика