EXPO-2017

БАӘ Қазақстанмен осыған дейінгі «ЭКСПО» халықаралық көрмелеріне қатысу тәжірибесімен бөлісті

Әбу Дабиде Қазақстан Елшілігі ғимаратында Елші Қайрат Лама Шариф «Expo 2020 Dubai» Бюросының басшылығын қабылдады, деп хабарлады СІМ баспасөз қызметі.
Әлемде25 Тамыз , 16:38

Әмірліктер тарапынан «Expo 2020 Dubai» Бюросы Директорлар кеңесінің мүшесі доктор Тарик Оливейра Шайя, Халықаралық қатысушыларды тарту мәселелері жөніндегі аға вице-президенті Омар Шехадех, Аймақтық өзара әрекеттесу жөніндегі департамент директоры және Қазақстан бойынша аймақтық менеджер Маха аль-Гаргави қатысты.

Сұхбат барысында отандық дипломат сұхбаттастарды «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізуге дайындық кезеңдері туралы хабардар етіп, сонымен бірге, Әмірліктердің осыған дейінгі «ЭКСПО» халықаралық көрмелеріне қатысу тәжірибесі мен Дубайда өтетін «ЭКСПО-2020» көрмесіне дайындығы қазақстандық тарап үшін аса перспективалы және көп мәнді шешімдер алып келетінін атап айтты.  

«Тараптар  «ЭКСПО-2020» «Ақылдарды біріктіру арқылы – болашақты құрамыз»және «ЭКСПО-2017» – «Болашақ энергиясы» ұрандарымен бірін-бірі толықтыратын сипаттағы тақырыптар осы бағыттағы әріптестікті одан әрі тереңдету мен жандандыру қажеттілігіне әкеліп соғады. Осыған байланысты тараптар 2017 жылғы 14-19 қаңтарда Әбу Дабиде өтетін Тұрақты даму аптасы шеңберінде «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» мен «Expo 2020 Dubai» Бюросы арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға дайындығын білдірді», - делінген хабарламада.

Қ. Лама Шариф «ЭКСПО-2017» тақырыбы Әмірліктердің жаңғыртылатын энергия көздерін дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатымен пен климаттың өзгеруі мәселесіне көзқарасымен үйлесімділігін атап өтті. Осыған орай, сұхбаттастарға «ЭКСПО-2017» шеңберінде өндірісте, энергияны қорғау мен пайдалануда, климаттың өзгеруімен күресте, дамушы елдерде электр энергиясына қол жетімділікті қамтамасыз ету сияқты тұрақты энергетиканың түрлі салаларындағы ерекше жетістіктері мен үздік технологиялары ұсынылатын «Үздік тәжірибелер аймағы» (eBPa) жобасына «Expo 2020 Dubai» Бюросының қатысу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Сондай-ақ, Елші БАӘ Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Мемлекеттік министрі, «Expo 2020 Dubai» Бюросының Бас директоры Рим әл-Хашемидің атына 2016 ж. 14 қыркүйекте Астанада жоспарланған «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» және «Назарбаев Университеті» ұйымдастыратын «Болашақ энергиясы» форумына қатысу туралы шақыруды табыс етті.

Өз кезегінде, делегация басшысы доктор Тарик Шайя шақыруды ризашылықпен қабылдап, Әмірліктердің басынан бастап «ЭКСПО-2017» қатысуына зор қызығушылық білдіргенін атап айтты. «Dubai World EXPO-2020» Бюросы мен «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» арасындағы өзара сипаттағы ынтымақтастықты ерекше атап айтты. 2016 ж. мамырда «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» Басқарма төрағасы Ахметжан Есімовтің «Expo 2020 Dubai» Халықаралық қатысушыларының бірінші жиынына қатысуы, сондай-ақ аталған ұйымдар өкілдерінің тұрақты кездесулері мұның дәлелі болып табылады.

 

 

 




Яндекс.Метрика