Халықаралық интеграция

Ақтөбе облысы Польша республикасымен өңіраралық қатынастарды дамытуда - әкімдік

Өңіраралық қатынасты дамыту мақсатында Польша Респубилкасының Лодзь воеводствосы мен Ақтөбе облысы әкімдігінің арасында меморандумға қол қойылды, деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ақтөбе25 Тамыз , 11:04

Тараптар арасындағы келісімге Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Варшаваға мемлекеттік сапары аясында қол қойылды. Жергілікті ірі кәсіпорындар жетекшілері енген делегацияға облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Жұмағазиев басшылық етті.

Лодзь воеводствосы – Польшаның қарабидай, картоп және техникалық өсімдіктеі өсіретін, жеміс-жидек пен көкөніс консервілерін өндіретін ірі өңірлердің бірі. Онда тестиль өндірісі (мақта, жүн, жібек, трикотаж), химия өнеркәсібі (пластмасса, резина, химия талшықтары өндірісі) жақсы дамыған. Жиһаз өнеркәсібі, фармацевтика, құрылыс және әрлеу материалдары, дәлдік және медициналық жабдықтар құрылысы мен полиграфия қарқынды дамып келеді. Воеводство елдегі керамика, еден және қасбет плиталары өнімдерінің 70 пайызын шығарады.

Қазіргі таңда Польша кәсіпорындары Ақтөбе облысында керамикалық плита, кәріз тазарту құрылғылары өндірісі бойынша бірлескен кәсіпорындар құруға қызығушылық танытуда.

Сапар барысында ақтөбелік делегация Лодзь воеводствосы және ауыл шаруашылығы саласындағы ірі кәсіпорындары басшыларымен кездесіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін және өңдейтін жетекші кәсіпорындарды аралады. Сапар соңында екі жақтың сауда-экономикалық және ғылыми-мәдени ынтымақтастығын дамытуға, шағын және орта кәсіпорындарды қолдау саласында тәжірибе алмасуға, тараптардың экономикаларындағы басым секторларында бірлескен кәсіпорын құруға мүмкіндік беретін ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды.

Айта кетейік, өңірлер мен Польша арасындағы сауда айналымы 2015 жылы 37,3 млн. АҚШ долларына жетті, оның ішінде экспорт көлемі – 29,1 млн. АҚШ доллары, импорт – 8,1 млн. АҚШ доллары. Ақтөбе облысынан Польшаға негізінен ферроқорытпа, шикі мұнай мен мұнай өнімдері, мұнай газы мен газтәрізді көмірсутек тасымалданады. Ақтөбе облысына жиһаз, көкөніс және жеміс—жидек, текстиль бұйымдары импортталады.

Қазіргі таңда Польша компанияларымен облыс аумағында бірлескен кәсіпорындар құру жөнінде келіссөздер жүргізілуде. CIECH компаниясы кальцийлендірілген ұнтақ өндірісі, Paradyz компаниясы керамикалық плитка өндіретін бірлескен кәсіпорын құру жөнінде, Ecolog компаниясы кәріз тазарту құрылғыларын модернизациялау, сонымен бірге облыс аумағында тазарту қондырғылары өндірісін құру мүмкіндіктері қарастырылуда.

 




Яндекс.Метрика