Тәуелсіз Қазақстанның жаһандық бастамалары – әлемнің гүлденуіне үлес қосу

Полигондағы жарылыс кесірінен тіршілікке зиян келді – Мұхамедиев

Ядролық сынақтарға қарсы күрес күніне және Семей ядролық полигонының жабылуына 25 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Ядролық қарусыз әлем» тақырыбын арқау еткен дөңгелек үстел барысында ҚР Мәдениет қайраткері, суретші Қоңыр Мұхамедиев өз көзімен көрген оқиғаларды әңгімелеп берді.
Нұр-Сұлтан25 Тамыз , 10:02

«Мен бұрынғы Семей облысы, Шұбартау ауданында ядролық полигонның жанында дүниеге келіп, сол жерде балалық және жастық шағым өтті. Әке-шешеміз полигондағы жарылыстарды көрген, бізге айтып отыратын. Бастапқыда білмеген халқымыз кейіннен барып қана мұның қандай қасірет екенін түсінді», - деп әңгімеледі Қ.Мұхамедиев.

Оның айтуынша, ядролық жарылыстар адамзатқа ғана емес, бүкіл табиғатқа орны толмас қасірет әкелді. Сынақтардың зардабынан экологиялық мәселелер туындады.

«Мен туып өскен ауылымның жанында екі көл болатын. Сол жерде малымызды жайып, өзіміз суға түсіп, демалып, балық аулап жүретінбіз. 1963 жылдан бастап сынақтар жердің астында өткізілді. Жер асты жарылыстардың кесірінен екі көліміз жердің астына кетіп қалды. Қазір сол жерде үңірейген екі шұңқыр ғана қалды. Маңайында тіршілік жоқ», - деді ол.

Биыл Семей ядролық полигонының жабылғанына 25 жыл толып отыр. 1991 жылы 29 тамызда еліміз үшін тарихи шешім қабылданған еді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 40 жыл бойы ядролық сынақтар жүргізіліп, қазаққа зор қасірет төндірген Семей полигоны жабылды.

Жалпы, 1949 жыл мен 1989 жыл арасында 456 ядролық сынақ (616 жарылыс) жүргізілген. Мұнда 1951 жылы 18 қазанда атом бомбасын ұшақтан тастап жару, ал 1953 жылғы 12 тамызда термоядролық құрылғы сыналды. 1955 жылы 22 қарашада сутегі бомбасы жарылды. 1961-1962 жылдары әуеде және жер үстінде 50-дей ядролық бомба сыналды, 1963–1988 жылдары жыл сайын 14–18 сынақ өткізіліп, жер астында барлығы 343 ядролық жарылыс жасалды. Осылайша, Семей аймағында 40 жыл бойы сыналған ядролық зарядтардың жиынтық қуаты Хиросимаға тасталған бомбаның қуатынан 2,5 мың есе асып түседі екен.

 




Яндекс.Метрика