Өңірлер

Ақмола облысының аграрилері астық жинауға дайын

Ақмола облысы Есiл ауданы, Заречное елдi-мекенiнде 200 ден астам ауылшаруашығытауарөндiрушi компаниялары өкiлдерiнiң қатысуымен облыстық агро-кеңес өттi, деп хабарлады облыс әкімдігі.
Ақмола24 Тамыз , 19:17

 «Агроөнеркәсiп кешенi облысымыздың экономикасының ең маңызды салаларының бiрi болып табылады. Ол ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiру, оларды өңдеу мен тұтынушыларға жеткiзу бойынша барлық шаруашылық салаларын қамтиды. Қазiргi таңдағы агроөнеркәсiп кешенiнiң ең басты мiндетi — елiмiздiң, оның iшiнде өңiрдiң халқының әл-ауқаты және азық-түлiк қауiпсiздiгi үшiн маңызды саналатын орақ науқанын уақытында жүргiзу», — деп атап өттi өңiр басшысы.

Әкiм биылғы жылы ауа райының қолайсыздығы астықтың шығуы мен пiсiп-жетiлуiне бiраз керi әсер еткенiн айта келе, диқандардың тынымсыз еңбегi мен қазiргi заманғы технологияны қолдану және көктемгi дән сiңiру жұмыстарының уақытылы жүргiзiлуiнiң арқасында гектар түсiмiнiң де жаман болмайтынын атап өттi.

Бұл өз кезегiнде азық-түлiкке, тұқым және жемге деген iшкi нарықтағы сұранысты толықтай қамтамасыз етуге, ауыл шаруашылығы саласының экспорттық әлеуетiн көтеруге мүмкiндiк бередi.

Сонымен қатар облыс әкiмi биылғы агроөнеркәсiп кешенi қызметкерлерiнiң кеңесiн «Заречное» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгiнiң базасында өткiзiлiп отырғандығынын себебiн түсiндiрiп өттi. Оның айтуынша, аталған серiктестiк егiн орағын уақытылы, ұйымшылдықпен өткiзетiн облыстағы егiншiлiк саласы өте жақсы дамыған шаруашылықтардың бiрiнен саналады.

«Аталған шаруашылық сияқты науқанға ұйымшылдықпен келiп, егiн орағының технологиялық мәселелерiн, астықты қабылдау, кептiру және сақтау жұмыстарын дер кезiнде жүргiзетiн болсақ, ауыл шаруашылығы саласындағы ең маңызды шешушi сәттi де ойдағыдай еңсеретiмiзге кәмiл сенемiн», — дедi облыс әкiмi.

Кеңестi қорытындылаған Сергей Кулагин ендiгi мiндет жауапты да, маңызды науқанды белгiленген мерзiмде сапалы аяқтау екендiгiн атап өттi.

 

 

 

 




Яндекс.Метрика