Тәуелсіз Қазақстанның жаһандық бастамалары – әлемнің гүлденуіне үлес қосу

Астанадағы көрмеде Семей полигоны туралы бірегей мұрағаттық құжаттар көрсетіледі

27 тамызда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында Семей полигоны жабылуының 25 жылдығына және Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған 2 көрме ашылады.
Нұр-Сұлтан24 Тамыз , 12:51

Еліміздің негізгі заңы қалай қабылданды, тарихи сәтке белсенді түрде атсалысқан жандар жайлы «Қазақстан Республикасының Конституциясы - Тәуелсіздігіміздің құқықтық негізі» тақырыбындағы көрме сыр шертеді.

“Елбасының жеке қорынан алынған құжаттар негізіндегі экспозиция Қазақстанның құқықтық мемлекет ретінде қалыптасуын паш етеді. Олардың арасында Мемлекет басшысының сөйлеген сөздері, хат алмасулары, жұмыс материалдары, Н.Ә. Назарбаевтың түзетулері бар Ата Заң жобасының түпнұсқалары, Конституцияны қабылдау туралы тарихи жәдігерлер, сирек кездесетін басылымдар, ғылыми еңбектер мен альбомдар бар”, - делінген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы  хабарламасында.

Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының 25 жылдығына орай жүргізілген ғылыми-іздестіру экспедицияның нәтижелері  «Ядролық қарусыз әлемнің қазақстандық үлгісі» көрмесінде алғаш рет ұсынылады. Оның аясында жаңа деректермен танысуға болады. Семей полигоны, Ұлттық ядролық орталық, сынақтың зардаптары, «Невада-Семей» қоғамдық қозғалысы туралы бірегей мұрағат құжаттары, бірегей суреттер, эксклюзивті фотодеректер және бейнематериалдарға көз жүгіртуге мүмкіндік бар.

Кітапхана қорындағы Елбасының жеке архивінен алынған құжаттар және суреттер тұңғыш рет көрмеге ұсынылады. Шаралар аясында Курчатов қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталықтың,  Семей қаласындағы Радиациялық медицина және экология ғылыми-зерттеу институтының өкілдері Астанаға келіп, виртуалды көрмелер ұсынады. Сонымен қатар «Семей қасіреті» тақырыбында Құрман Айтмұханбетовтың (Семей қ.) мүсіндер көрмесі өткізіледі.

Көрмелердің ашылу салтанатына мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, елордамыздың тұрғындары мен меймандары қатысады.




Яндекс.Метрика