Халықаралық интеграция

Қазақстан-Польша бизнес-форумына Қазақстанның 100-ден астам бизнес өкілі қатысты

Варшава қалсындағы Sheraton қонақ үйінде Қазақстан-Польша бизнес-форумы болды, деп хабарлады ИДМ.
Әлемде24 Тамыз , 12:08

Шараның ұйымдастырушылары: Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму Министрлігі, Польша Республикасындағы Қазақстан Республикасының Елшілігі, экспорт пен инвестиция бойынша «KAZNEXINVEST» Ұлттық агенттігі» АҚ, Польша Республикасының даму Министрлігі, Польшаның ақпарат және шетел инвестициясы бойынша «PAIiIZ» агенттігі.

Форумға барлығы 400 адам қатысты. Қазақстаннан бизнесмендер мен облыстан барған өкілдерді қосқанда 100 адам барды. Форум Халықаралық бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Іс-шара барысында қазақстандық және польшалық кәсіпкерлер арасында екіжақты кездесу өтті. Онда тараптар көлік және логистика, құрылыс, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, машина жасау, тамақ өнеркәсібі және басқа да салалар бойынша ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Жалпы, форумды салалық тұрғыда нақтылай кеткен жөн.

Польшалық бизнесмендерге тау-кен металлургиялық кешенінің (импорт алмастыру әлеуеті 3 млрд. АҚШ доллары) салалық әлеуеті жөнінде, ауыл шаруашылығы (3.4 млрд. АҚШ доллары), құрылыс (импорт 1.2 млрд. АҚШ долларын құрады), химиялық өнеркәсіп  (2015 жылдың 11 айында 2.02 млрд. АҚШ доллары. Отандық өндіріс тек  13% деңгейінде қалып отыр.) сияқты салалар жөнінде ақпараттар берілді. 

Бизнес-форум аясында жалпы сомасы 858 млн. АҚШ доллары болатын 14 коммерциялық құжатқа қол қойылды.

Польша Орталық және Шығыс Еуропа елдері арасында Қазақстанның жетекші сыртқы экономикалық серіктестерінің бірі болып есептеледі.

2014 жылдың қаңтар-маусым айлары кезеңінде біздің елдер арасындағы тауар айналым 572,6 млн. АҚШ долларына жетті. 2013 жылдың қортындысы бойынша тауар айналым 1.2 млрд. АҚШ долларын құрады. (экспорт – 679.6 млн. АҚШ долл., импорт – 492.1 млн. АҚШ долл).

Польша Республикасындағы қазақстандық экспорт құрылымында астық пен мақтаны қосқанда көмірсутекті шикі зат, химиялық өнім, көмір өнеркәсібі, қара металлургия, ауыл шаруашылығы салалары басым.

Польша Республикасынан Қазақстанға импортталатын негізгі өнім түрлеріне химиялық өнеркәсіп өнімі, машиналар мен жабдықтар, электр құралдары, жай металдар мен одан жасалған бұйымдар, целлюлоза, қағаз, синтетикалық материалдар мен резинадан жасалған бұйымдар, көлік құралдары, мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығының өнімдері,  дәрілік препараттар мен медициналық техника, жиһаздар мен оның бөлшектері және азық-түлік тауарлары жатады.

ҚР Ұлттық банкінің мәліметі бойынша, Польшадан біздің елге келген тікелей шетелдік инвестиция көлемі 2005 жыл мен 2016 жылдың 1-тоқсаны аралығында 130,8 млн. АҚШ долларын құраған. 

 

 

 




Яндекс.Метрика