Тәуелсіз Қазақстанның жаһандық бастамалары – әлемнің гүлденуіне үлес қосу

БҰҰ Бас хатшысы: Ядролық қарудан бас тарту бастамасы қарусыздандыру саласындағы басқа шараларға өз септігін тигізеді

Ағымдағы жылы тамыздың 29-ы күні Семей полигонының жабылғанына 25 жыл толады. Осыған орай, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун арнайы үндеуді жасады. Аталған үндеудің мәтіні БҰҰ-ның ресми сайтында жарияланып отыр, деп хабарлады Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Әлемде24 Тамыз , 09:23

2016 жылы тамыздың 29-ында кезекті рет Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың Халықаралық күні аталып өтпек. Осы дата Қазақстанның бастамасымен 2009 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының резоюциясымен қабылданған болатын. Бұл күн ұйымға мүше елдер, академиялық мекемелер, жастар ұйымдары мен бұқаралық ақпарат құралдарын белсенділік танытып, қауіпсіз әлемді қалыптастыру жолында ядролық сынақтарға тыйым салудың қажеттілігі жайында айтып, жан-жақты ақпарат таратуға үндейді.

«Тамыздың 29-ы күні барша әлем қауымдастығы Қазақстандағы Семей полигонының жабылғанына ширек ғасырдың толуын атап өтпек. Ол жерде 450 ядролық сынақ жасалды. 2010 жылы мен Семей жерінде болдым. Сол кезде уланған жерлерді көрдім. Полигонның құрбандарын да көріп, олардың өмірге деген құштарлығына, батылдығына тәнті болдым. Мен сол адамдардың ядролық қарудан ада әлемді қалыптастыру ұстанымына толық қосыламын. Барлық ядролық сынақтарға тыйым салу арқылы біз адам жиіркенетін мұрадан құтыла аламыз», - дейді БҰҰ Бас хатшысы.

Оның айтуынша, ядролық қарудан бас тарту бастамасы қарусыздандыру саласындағы басқа да шараларға өз септігін тигізе алады. Осы орайда Пан Ги Мун барлық мемлекеттерді осыдан 20 жыл бұрын БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы келісімге қосылуға үндеді. Аталған құжат әлі күнге дейін күшіне енген жоқ.

 

 

 




Яндекс.Метрика