Басқару

Бизнес-форум Қазақстан мен Польшаның ынтымақтастығын нығайта түседі - Назарбаев

Елбасы Польша Республикасына сапарының қорытындысына арналған брифинг өткізді, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Әлемде23 Тамыз , 20:19

Мемлекет басшысы отандық БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында республикамыздың Еуропалық одақтағы маңызды серіктесі болып саналатын Польшамен Қазақстанның қарым-қатынасының мәні зор екеніне тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев өзара іс-қимылды дамытудың елімізді қызықтыратын бірқатар бағыттарын атап көрсетті. Мәселен, соның бірі – агроөнеркәсіп кешені.

"Польша жалпы құны 25 млрд доллар болатын дайын ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттай отырып, жаңа технологияларды енгізу арқылы аграрлық секторда зор табыстарға жетті. Мен поляк кәсіпкерлеріне елімізге келіп, біздің фермерлермен бірге жұмыс істеу жөнінде ұсыныс жасадым", – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Польшаның шағын және орта бизнесті дамытудағы  тәжірибесін зерттеу керектігіне, фармацевтика өндірісі, құрылыс саласындағы өзара іс-қимылға ден қою қажеттігіне назар аударды.

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев экономикалық өзара байланысты жандандыра түсу үшін Қазақстан мен Польша арасындағы сенімді көлік жолдарын қамтамасыз етудің маңыздылығын айтып, әуе қатынасы жолдарын ашу және Польша азаматтары үшін елімізде визасыз режім енгізу тәрізді шараларға тоқталып өтті.

Соңында Қазақстан Президенті бүгін өткен бизнес-форум екі елдің экономикалық ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға тың серпін беретінін айтты.




Яндекс.Метрика