Ұлттық қорғаныс қабілеттілігі мен әскери доктринаны нығайту

Қорғаныс министрлігінің алғашқы интернет телевидениесі - Korganyz.kz іске қосылды

ҚР Қорғаныс министрлігі Қазақстан әскерінің оң беделін нығайтуға бағытталған жаңа жоба Korganyz.kz интернет-телевидениесін әзірлеп іске қосты, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Астана қаласы 30 Қараша, 15:00

"Korganyz.kz порталына тек әскери мамандардың қызығушылығын оятып қана қоймай, кең аудиторияға арналған Қарулы Күштердің тыныс тіршілігі мен Қорғаныс министрлігінің қызметі туралы бейнематериалдар, фоторепортаждар орналастырылған. Бейнеқызмет онлайн-таратылымдар мен бейнеконференциялар жүргізуге, сондай-ақ заманауи технологиялар мен коммуникациялардың әдістерін неғұрлым кеңірек қолдануға мүмкіндік береді", - делінген хабарламада.

Korganyz.kz әскери парадтарды, жауынгерлік оқу-жаттығуларды және өзге де ресми іс-шараларды оn-line режимінде таратуды ұйымдастыру үшін қолданылады. Оны пайдаланушылар әскери-патриоттық тақырыптағы бейне-фотомұрағаттарға оңай қол жеткізе алады. Сондай-ақ, қазақстандықтардың көзайымына айналған «Айрықша тапсырма» реалити-шоуын, Қорғаныс министрлігінің бастамасымен жасалған өзге де арнайы жобаларды тарату жоспарланып отыр.

Әскери интерет-телевидениені іске қосу Қазақстанның Тұңғыш Президенті күніне орайластырылып отыр. Бұл мерекенің негізгі идеясы – қоғамды Қазақстанның тұрақты және қарқынды дамуының іргетасына айналған Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саясаттың маңына топтастыру екені белгілі.

 





Яндекс.Метрика