Басқару

Н. Назарбаевтың Польшаға бұл сапары елдер арасындағы серіктестіктің жандана түскенін көрсетті – Польша Президенті

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Польша Республикасының Президенті Анджей Дудамен келіссөз өткізді, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Әлемде22 Тамыз , 20:25

Салтанатты кездесу рәсімінен соң екі елдің көшбасшылары Польша Президентінің резиденциясында шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізді. Онда сауда-экономика, инвестиция, ауыл шаруашылығы, транзит-көлік және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылды нығайту мәселелері талқыланды.

Мемлекеттер басшылары өзара мүдделілік қалыптасқан бірқатар бағыттар бойынша перспективалы жобалардың іске асырылу мәселелерін қарастырды.

Бұдан бөлек, тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Қазақстан Президенті Польша көшбасшысына еліне шақырғаны және қонақжайлық көрсеткені үшін алғыс айтып, екіжақты қарым-қатынастың дамуында ілгерілеушілік, сондай-ақ оның аясын кеңейте түсу үшін зор әлеует бар екенін атап өтті.

А.Дуда Нұрсұлтан Назарбаевтың Польшаға бұл сапары елдер арасындағы серіктестіктің жандана түскенін көрсетіп отырғанын айтты. Польша Президенті екі елдің мүдделері ортақтығына және екіжақты іс-қимылды, соның ішінде көлік-логистика және мұнай-газ салаларындағы ынтымақтастықты нығайтудың ауқымды перспективалары бар екеніне назар аударды.

Сондай-ақ, А.Дуда Польшаның алдағы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне белсене қатысатынын және бұл іс-шараға жеке өзінің келуге әзір екенін жеткізді.

Келіссөздер қорытындысы бойынша төмендегідей құжаттарға қол қойылды:

– Қазақстан Республикасы мен Польша Республикасы арасындағы экономикалық ынтымақтастық туралы декларация;

– Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Польша Республикасының Үкіметі арасындағы тұлғаларды реадмиссиялау туралы келісім;

– Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Польша Республикасының Үкіметі арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;

– «Қазақстан даму банкі» АҚ мен Польшаның Ұлттық экономика банкі арасындағы негіздемелік келісім.




Яндекс.Метрика