Қазақстан Республикасының 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы

«ҚазАзот» 2016 жылдың бірінші тоқсанында өнім экспорты көлемін үш есеге арттырды

«ҚазАзот» 2016 жылдың бірінші тоқсанында өнім экспорты көлемін үш есеге арттырды, деп хабарлады «Қазақстанның даму банкі» АҚ.
Астана қаласы28 Шілде , 18:41

«ҚазАзот» ЖШС ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша 79 200 тонна азот минералды тыңайтқыштар (аммиак селитрасын) өткізді, бұл 2015 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 63%-ға артық. Көрсетілген көлемнің 2,2 млрд теңге сомаға 34 500 тоннасын компания экспорттады, ол 2015 жылдың бірінші тоқсанымен (581,2 млн теңге сомаға 11 900 тонна) салыстырғанда шамамен 3 есеге артық.

Жылдың соңына дейін «ҚазАзот» шетелдік нарықтарға қосымша 82 700 тонна аммиак селитрасын жеткізуді жоспарлауда.

«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» Холдингінің еншілес ұйымы, бұдан әрі – Банк, ҚДБ) аммиак және азот минералды тыңайтқыштар өндіру қуаттылығын жылына 300 000 тоннадан 400 000 тоннаға дейін кеңейтуге, минералды тыңайтқыштардың өзіндік құнын 34%-ға төмендетуге, сондай-ақ шикізатты өндіру және қайта өңдеуден бастап жаңа өнімді өткізуге дейінгі толық өндірістік айналымды құруға бағытталған Ақтау қаласындағы «ҚазАзот» зауытын кешенді жаңғырту жобасын (бұдан әрі - Жоба) қаржыландырады.

Жобаның жалпы құны 56 млрд теңгені құрайды, қажетті қаражаттың 72,3% ҚДБ тарапынан ұсынылды, қарыз мерзімі – 10 жылға дейін. Жоба ҚР-ның 2015-2019 жж. арналған индустриалды-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы (ИИДМБ-2) аясында жүзеге асырылады.

«ҚазАзот» өндірістік көрсеткіштерінің және оның өнімдерін өткізудің өсуіне «Шағырлы-Шөмішті» жеке кен орнындағы тауарлық газ өндіру және өткізу көлемдерінің а.ж. бірінші тоқсанда 27,5 млн-нан 75,7 млн м³-ге дейін артуы, сондай-ақ Жоба аясында жүргізілген қуаттылықтарды қайта жабдықтау және жаңа ұңғымалар бұрғылаудың арқасында өнімнің өзіндік құнының орта есеппен алғанда 6%-ға төмендеуі себеп болды. 

А.ж. 18 шілдедегі жағдайы бойынша Банк қарастырған Жобаны қаржыландыру көлемінің «Шағырлы-Шөмішті» газ кен орнын игеруді қоса алғанда құрал-жабдық сатып алу, құрылыс-монтаждау жұмыстарына бағытталған қаражаттың 55% игерілді. Аяқталуы 2018 жылдың екінші жартысында жоспарлатын Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде кәсіпорындағы еңбек өнімділігі 17 762 мың теңгеден 35 000 мың теңгеге арттырылады,  300 жаңа жұмыс орны құрылады. Жалпы зауыт қызметкерлерінің штаттық саны 1243 адамды құрайды.

Жоба аясында қазіргі уақытта танкілі және үрлемелі газдардан алынған аммиакты кәдеге жарату қондырғысын монтаждау аяқталып қалды, грануляциялық мұнара жобалау кезеңінде. Сондай-ақ, модульдік құрылымды тұрақты автоматтандырылған электр агрегаттарын орнатуды көздейтін «Wartsila» финдік технологиясы бойынша қуаттылығы 38,9 МВт болатын газпоршеньді электр стансасының (ГПЭС) құрылысы басталды. Жаңа өндірістік нысандар салу зауытты жеке электр және жылу энергиясымен қамтамасыз етуге, өндірілетін өнім көлемін арттыруға және өндірілетін минералды тыңайтқыштардың сапалық көрсеткіштерін жақсартуға мүмкіндік береді.

2015 жылы «Шағырлы-Шөмішті» кен орнын игеру барысында 82 ұңғыма бұрғыланды және тоқтатып қоюдан шығарылды, 40 ұңғыма өндірістік пайдалануға берілді. Барлығы Жоба аясында 144 ұңғыманы бұрғылау және консервациядан шығаруды жүзеге асыру жоспарланған, бұл табиғи газды өндіру және өткізу көлемін 246%-ға – 2015 жылғы 346,7 млн м3-ден 2020 жылғы 1,2 млрд м3-ге дейін арттыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«2015 жылдың қорытындысы бойынша «ҚазАзот» қазақстандық аммиак селитра нарығының 58%-ын қамтамасыз етті. Кәсіпорын жобалық қуаттылығына шыққаннан кейін ауыл шаруашылығы және тау-кен өнеркәсібінде пайдаланылатын өнімнің шамамен 60% ішкі нарыққа, қалған 40% - экспортқа Қырғызстанға, Украинаға, Түркіменстанға, Өзбекстанға және Ресейге жөнелтіледі», - деп атап өтті компанияның бас директоры Кинис Ураков.

 

 




Яндекс.Метрика