ҚР Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы

2016 жылдың соңына дейін Астанада 720 орындық 3 балабақшаның құрылысы аяқталады

2016 жылдың соңына дейін Астанада 720 орындық 3 балабақшаның құрылысы және 60 орындық жалғастырып салған балабақшаның құрылысы аяқталады, деп жоспарлануда, деп хабарлады Астана қаласы білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазиев 2016-2017 жаңа оқу жылына дайындық жөнінде өткен брифингте.
Астана қаласы27 Шілде , 12:18

«Мектепке дейінгі білім беру туралы мәселе барлық Астана халқын қызықтырады, деп ойлаймын. Өйткені, астанада күн сайын 70 бала дүниеге келеді. Көшіп келіп тіркеуге тұрып жатқандардың балалры күн сайын 80-100-ді құрайды. Мектепке дейінгі мекемеге кезекте тұрған балалардың саны өте көп. Соңғы жылдары көптеген мектепке дейінгі мекемелер ашылды. Бүгінгі таңда балабақшалардың саны 95-ке жетіп отыр»,-деді Қ.Сенғазиев.

Оның айтуынша, білім басқармасы мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша жеке балабақшаларды ашуда белсенді жұмыс атқарып жатыр.

«Жаңа балабақшаларды ашу үшін біз шағын және орта бизнес өкілдерін тарту арқылы мемлекеттік білім беру тапсырысын орындаймыз. Осы мақсатта Астананың білім басқармасы жекеменшік балабақшаларды дамытудың жоспарларын дайындады. Бүгінгі таңда «Балапан» бағдарламасы бойынша 54 жекеменшік мектепке дейінгі мекемеде 4890 орын мемлекеттік білім беру тапсырысын орындап отыр. Биыл бірінші жарты жылдықта жалпы кезектен 8 мыңнан астам орын бөлінді. Бұл өткен жылдан 2 мың орынға артық»,-деп түсіндірді ол.

Осыған орай жыл соңына дейін 720 орынды қамтитын 3 жаңа балабақша пайдалануға берілмек.

«2016 жылы 480 орындық 2 балабақшаның құрылысы басталған болатын. Жыл соңына дейін 720 орынды қамтитын 3 балабақшаның құрылысы аяқталады, деп жоспарланған»,-деді Астана қалалық білім басқармасының басшысы.

Қ.Сенғазиев барлық мектепке дейінгі мекемелер, мемлекеттік және жекеменшік балабақшалар жаңа оқу жылына дайын екенін де атап өтті.

Анар Тәңірқұлова




Яндекс.Метрика