Дене шынықтыру мен спортты дамыту

Қызылордалық оқушы Жамал Ермекбай тоғызқұмалақтан Азия чемпионатында алтын медаль ұтып алды

Қызылордалық мектеп оқушысы Жамал Ермекбай тоғызқұмалақтан Азия біріншілігінде алтыннан алқа тағынды BNews.kz хабарлады.
Қызылорда28 Қараша , 18:00

«Павлодарда өткен тоғызқұмалақтан Азия чемпионатында 14 жасқа дейінгі категорияда өнер көрсеткен №1 облыстық олимпиадалық резерв балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің оқушысы Жамал Ермекбай алтын медаль ұтып алды»,- облыстық спорт басқармасының баспасөз хатшысы Лаура Шонғалова айтты. 

Құрлықтық біріншілік жеңімпазы 7 ойында 7 ұпай жинады. Дәл осы жас категориясында 6 ұпаймен отандасымыз Қызжіек Әбілдә екінші орынға тұрақтады. Сөз реті келгенде айта кетсек, екінші рет ұйымдастырылып отырған сайысқа Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Қытай, Түркия, Моңғолия, Ресей мен Қазақстаннан 103 спортшы қатысты. Алғаш рет тоғызқұмалақтан Азия чемпионаты 2009 жылы Шымкентте өткізілген болатын.

«Жалпы командалық есепте Қазақстан құрамасы бірінші орын алды, екінші орынға Қырғызстан спортшылары тұрақтаса, Моңғолия командасы үшінші орынды қанағат тұтты,-деді Шонғалова. – Атап өтсем, біздің елдің құрамасы атынан Қызылордадан төрт спортшы қатысты, және де олардың ешқайсысы да құр алақан қайтқан жоқ».

Жоғарыда аталған қыздардан басқа қызылордалық Бексұлтан Бостандықов та алтын медаль алды. Ересектер арасында Әсел Дәлиеваға тең келер ешкім болмады. Ол да Азия біріншілігінен алтын медальмен оралды.

 




Яндекс.Метрика