Халықаралық интеграция

Каирде Қазақстан мен Мысыр арасындағы сот-құқықтық саласындағы ынтымақтастық жолдары талқыланды

Қазақстанның Мысырдағы Елшісі Берік Арын жаңадан тағайындалған Мысыр Араб Республикасы Жоғарғы конституциялық сотының төрағасы Әбдел Уахаб Хасанмен кездесті, деп хабарлады СІМ.
Әлемде26 Шілде , 12:19

Кездесу барысында Елші Ә. Хасанға Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәмидің мансапқа тағайындалуына орай құттықтауын жеткізіп, Қазақстан мен Мысыр арасындағы сот-құқықтық және басқа да салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың жолдары туралы пікір алмасты. Осы ретте Мысыр Президенті Әбдел Фаттах Ас-Сисидің үстіміздегі жылғы ақпан айында жүзеге асқан Астанаға ресми сапары екіжақты қарым-қатынастардың барлық салаларының дамуына жаңа серпін бергені атап өтілді.

Б. Арын сұхбаттасын еліміздің маңызды ішкі саяси оқиғаларымен таныстыра келе, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Қазақстанда жүзеге асырылудағы Бес институционалдық реформалар шеңберінде атқарылып жатқан құқықтық реформалар, соның ішінде ішкі тәжірибе мен озық халықаралық стандарттар негізінде сот төрелігі жүйесін жетілдіру бағытындағы шаралар туралы хабардар етті.

Сыртқы саяси бастамаларымызға тоқтала отырып, Елші Қазақстанның 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде сайланғанын хабарлады. Бұған қоса, ол «ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындық барысымен таныстырып, кейін оның инфрақұрылымы негізінде «Астана» Халықаралық қаржы орталығының құрылатынын және дауларды шешу үшін арнайы соттың жұмыс істейтінін атап өтті.

Ә. Хасан Қазақстанның қол жеткізген жетістіктеріне жоғары баға беріп, Мысыр тарапының құқық саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға және сот ісін жүргізу саласындағы тәжірибесімен алмасуға қызығушылығын білдірді.  

Ескертпе: Мысырдың Жоғарғы конституциялық соты ең жоғары сот билігі ретінде мемлекеттің ішкі саяси өмірінде маңызды орын алатындығын айта кеткен жөн. Атап айтқанда, Конституциялық сот басшысы 2013-2014 жылдар аралығындағы Мысырдың қиын өтпелі кезеңінде мемлекетті басқарды, ал аталмыш институт елді саяси дағдарыстан шығару бойынша «жол картасын» табысты жүзеге асыруда, соның ішінде жаңа Конституцияны әзірлеу мен президенттік және парламенттік сайлауды өткізуде үлкен рөл атқарды.

 




Дерекнама

Яндекс.Метрика