Жастарға үндеу

Абай Қапабаев: Жастарымыз сауатты, білімді және тату болуы керек

Жастарымыз білімді, сауатты және өзара тату болу керек. Бағындыруы мүмкін емес белес болмайды, деп мәлімдеді «Болашақ» халықаралық бағдарламасының түлегі, «Сәулет-Студия» ЖШС сәулетшісі Абай Қапабаев «strategy2050.kz» порталына берген сұхбатында.
Астана қаласы28 Қараша , 17:35

- «Болашақ» бағдарламасының сіз үшін маңызы қандай?

- Мен үшін «Болашақ» бағдарламасының орны бөлек. Өзге елдерде, мейлі қай елде оқып жүрген болса да болашақтық студентті көрсем, іштей бір жақындықты сезінемін. Өйткені біздің барлығымыз тағдырласпыз, қиындықтарымыз да, көрген қуанышымыз да ұқсас. Барлығымыз бір отбасының балаларындай ортақ Отанымызға еңбек етеміз.

- Бағдарламаға қатысуға не түрткі болды?

- Мен 2006 жылы Астана қазақ-түрік лицейін тәмамдадым. Қолданылмалы математика саласы бойынша ғылыми жобадан Алматыдағы халықаралық олимпиададан қола жүлде иегері атандым. Нәтижесінде Қазақстанның кез келген жоғары оқу орнында грант иелену құқына ие болдым. Өкінішке қарай, менің таңдауымдағы мамандықты үздік оқытатын оқу орны болмады.

Мектепке жүрген кездің өзінде мен сәулетші боламын деп шештім. Қашанда Шығыс мәдениетіне құмар болып өстім. Сол үшін Ұлы Қытай қорғанын салған Қытайда білім алуды шештім. Атап айтсам, Шанхай университінде архитектор мен инженер саласын тәмамдадым.

Бір жыл тіл оқығаннан кейін аталмыш мамандыққа түстім.

2007 жылы болашақтық деген атқа ие болдым. Комиссия менен: «Сен  мамандықты толық игеріп шығатыныңа сенімдісің бе?» деген сұрағы есімнен кетпейді. Мен өзіме деген сеніммен «Иә» деп жауап бердім. Өйткені шынында да  менің ішкі сенімім сондай еді. Сол себепті мен шегірткеден қорыққан егін екпейді деген сөзді жадымда ұстадым.

- Оқу барысында қандай қиындықтармен кездестіңіз?

- Бәріңіз де білесіздер, қытай халқы өте еңбекқор халық. Мен университетте жүріп осыған толық көз жеткіздім. Олар өте көп оқиды. Мен сонда жүріп көптеген өзге де шетелдік достар таптым, солардың мәдениетімен, құндылықтарымен таныстым. Қытайлар жай күндердің өзінде ерте тұрып кітапханаға барады. Бұл өз кезегінде ұстаздардың да бізден көп талап қоюына әсер етті. Қазақстандық студенттердің де осылай еңбектенуіне тура келді. Бес жылдық оқу көзді ашып-жұмғанша  өте шықты. Онда жүріп мен көптеген ғылыми жобаларға, басқа да шараларға белсенді араластым. Жұмыс барысында қытайлармен істес болдым. Қолға алған әр іс мені биіктерге жетеледі, соның арқасында студенттік кездер мен үшін ұмытылмас шақтарға айналды.

- Оқуды бітіргеннен кейін еңбек жолыңыз қалай түзілді?

- Оқуды бітіргеннен кейін мен Қазақстанға келіп, бірден өзіме жұмыс тауып алдым. Ол «Сәулет-Студия» жобалау фирмасына кірдім. Бұл компания тұрғын үйлерді, бизнес орталықтарды, қонақ үйлерді және өзге де нысандарды жобалаумен айналысады. Мен жұмысқа бірден үйреніп, ұжыммен жақсы араласып кете алдым.

- Кейінгі болашақтықтарға не тілейсіз?

- Ата-бабаларымыз айтқандай: «Ағаш шіриді, темірді тот басады, тек білім ғана мәңгі қалады». Бұл сөз менің өмірлік ұраныма айналды. Әлемдік экономикада жағдай қанша құбылса да, білімді жандар ешқашан да көштен қалмайды. Сол себепті мен біздің жастарымыз сауатты, білімді және тату болсын демекпін. Жастардың ең басты өздеріне сенулері керек. Қолдан келмейтін болмайды, тек соны орындай алу керек!




Яндекс.Метрика