Халықаралық интеграция

Қазақстанның танкішілері қызыл танктермен биатлонда өнер көрсетеді

Қазақстанның командасы үшін «Танк биатлоны-2016» қызыл танктерден басталады. Бүгін Мәскеу облысының «Алабино» полигонында халықаралық жарысқа қатысушы командалардың жеребесі өтті, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Әлемде26 Шілде , 20:37

Оның нәтижесі бойынша танкішілерімізге қызыл түсті танкілер бұйырды. Ресей, Үндістан және Сербияның командаларымен бірге танк биатлоны бойынша қазақстандық құраманың экипажы 30 шілдеде өнер көрсетеді. Командамыздың екінші жарысы 1 тамызда, ал үшіншісі 6 тамызда өтеді.

 Еліміздің Қарулы Күштері «Танк биатлоны» сайысында қазақстандық армияның барлық деңгейлерінде іріктеуден өткен төрт үздік экипажбен ұсынылған. Үш экипаж – 10810 әскери бөлімінің танкішілері. Біреуінің құрамында «Астана», «Оңтүстік» және «Батыс» өңірлік қолбасшылықтарының құрама командасы.

 Дәл осы күні Ресейде «Суворов тегеуріні» жаяу әскердің жауынгерлік машиналары экипаждары сайысының қатысушылары да жеребе тастады. Мұнда қазақстандық командаға ЖӘЖМ-нің жасыл түсі бұйырды. Жауынгерлік машиналар экипаждарымыздың жарыстары 30 шілдеде, сондай-ақ, 1-інші және 5 тамызда өтетіні белгілі. «Танк биатлоны-2016» 30 шілдеде Мәскеу облысының «Алабино» полигонында бастау алады. Оған 17 ел қатысады.

Атап айтқанда, Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Қытай, Венесуэла, Ангола, Беларусь, Иран, Әзірбайжан, Зимбабве, Армения, Моңғолия, Үндістан, Сербия, Кувейт, Никарагуа және Тәжікстан. Командамыздың жеңіс тұғырынан көрінуіне барлық мүмкіндігі бар. Өйткені, өткен «Танк биатлоны» сайыстарында танкішілеріміз әрқашан көшбасшылар үштігінде болды. 

 




Яндекс.Метрика