Ұлт жоспары 100 нақты қадам

Астанада ашық деректер негізінде қосымшалар жасау бойынша байқаудың қорытындысы жарияланды

Бүгін Астанада data.egov.kz ашық деректер порталының негізінде мобильді қосымшаларды жасау бойынша байқаудың қорытындылары шықты, деп хабарлады «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ.
Астана қаласы 25 Шілде, 17:48

Қазылар алқасының дауыс беру нәтижесі бойынша, Қарағандылық бағдарлама жасаушысы – Ержан Тлеуовтің «Здровье+» мобильді қосымшасы үздік деп танылды. Жеңімпазға ультрабук-трансформер табысталды.

Оның әзірлеген өнімінде әлеуметтік маңызы бар сервистердің бірқатары қамтылған. Солардың ішінде: Қазақстанның жедел қызметтері мен call-орталықтарына қосымша арқылы да, 3D Touch Quick Actions қызметі арқылы да тегін қоңырау шалу; медициналық мекемелерді, соның ішінде кепілдендірілген тегін медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектілерінің тізімін іздеу; барлық анықтамалар арқылы кез келген кілт сөздер бойынша іздеу жасау; Қазақстан Республикасы азаматтары бюджеттік қаржы есебінен шетелге емделуге жіберілетін сырқаттар тізімі және т.б.

Өзге де бірнеше қосымша ерекше аталып өтті. Мәселен, Асхат Болатхан есімді бағдарлама жасаушысы Қазақстан бойынша саяхат жасауға арналған гид әзірлеген, онда жаяу жүріске, көлікпен жүруге, су арқылы, атпен және велосипедпен жүріп саяхаттау категориялары бойынша 100-ден аса турлар жайында ақпарат бар.

Алмаз Иземберген data.egov.kz порталы бойынша ыңғайлы іздеу сервисін құрастырды, қосымша пайдаланушының сауалына сәйкес келетін керекті ақпарат пен жаңалықтарды көрсету арқылы оған ашық деректер ауқымында бағыт ұстауға көмектеседі.

Талғат Успановтың ата-аналардың қажет мектепті іздеуіне арналған «Школы Астаны» веб-жобасын да қазылар ерекше деп бағалады. Жоба мектеп маңайындағы қылмыстылық деңгейін, түрлі олимпиадалардың қорытындылары мен Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелерін де ескереді.

Байқауға барлығы 11 жұмыс қатысты, олардың төртеуі iOS, тағы төртеуі Android платформасына арналып, қалған үшеуі веб-жобалар форматында жасалған. Қатысушылар арасында Назарбаев Университеті мен Сулейман Демирель атындағы университеттің студенттері мен түлектері де бар.

Еске салып өтейік, байқауға қатысқан барлық қосымшаларға авторлық құқықтар бағдарлама әзірлеушілеріне тиесілі.

 





Яндекс.Метрика