Халықаралық интеграция

Бес елдің бітімгершілері бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі операцияда бірікті (ФОТО)

Ұлыбританиядағы «Станта» оқу-жаттығу орталығының базасында «Дала қыраны-2016» халықаралық тактикалық-арнайы бітімгершілік оқу-жаттығуының екінші кезеңі қызу жүріп жатыр, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Әлемде 22 Шілде, 09:54

Қазақстан, Ұлыбритания, АҚШ, Тәжікстан мен Қырғызстанның әскери қызметшілері бір бірлескен операцияны өткізу үшін бірікті. Қатысушылар бірнеше топқа бөлінді. Сценарий бойынша негізгі тапсырмалар – ол ізгілік көмек көрсетуді ұйымдастыру бойынша іс-шаралар, шекара бақылауы, қоғамдық тәртіпсіздікке ден қою.

Шарттары – шынайыға барынша жақындатылған. «Дала қыраны-2016» оқу-жаттығуына қатысатын шамамен 650 әскери қызметші үшін бұл апта осындай ахуалдық үйрететін жаттығуларда жұмыс жасаумен есте қалды. Сценарий бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі шынайы бітімгершілік операциялар тәжірибесінде негізделген.

Жалпы алғанда, оқу-жаттығудың негізгі тапсырмалары бейбітшілікті қолдау, жүктерді айдауылдау, бақылау-өткізу пункттерінде жұмыс жасау бойынша операциялардың барлық аспектілері мен ерекшеліктерін пысықтаудан тұрады.

Естеріңізге сала кетейік, еліміздің Қарулы Күштерінен «Дала қыраны» оқу-жаттығуына қазақстандық «ҚАЗБРИГ» бітімгершілік бригадасы қатысады. Қазіргі уақытта БҰҰ бейбітшілікті қолдау жөнінде 16 операцияны жүзеге асырып жатқанын айта кеткен жөн. Бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі екі миссияда Батыс Сахарасы (MINURSO) мен Кот-д’Ивуарда (UNOCI) әскери бақылаушылар ретінде ҚР ҚК-нің төрт әскери қызметшісі қызмет атқарып жатыр. Тағы да жеті офицеріміз миссиядан оралып үлгерді.   

 





Яндекс.Метрика