Ұлттың денсаулығы

Т.Дүйсенова: Отандық денсаулық сақтау жүйесін дамыту аурудың алдын алуға бағытталады

Отандық денсаулық сақтау жүйесін дамыту аурудың алдын алуға бағытталады, деді ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Министрі Тамара Дүйсенова ҚР ДСӘДМ-нің ағымдағы жылдың 6 айындағы денсаулық сақтау саласындағы қызметінің қорытындысы бойынша алқа мәжілісінде.
Астана қаласы21 Шілде , 13:04

Отырыс барысында негізгі әлеуметтік мәні бар, жұқпалы емес аурулар мен елдің демографиялық ахуалына айтарлықтай әсері бар 5 ауру: миокардтың жіті инфаркті, мидағы қан айналымының ауыр ауытқулары (инсульт), қатерлі ісік аурулары, сынықтар, жүктілік және босандыру бойынша медициналық көмек көрсетудің  біріктірілген үлгісін енгізу бойынша үйлестіру кеңесінің жұмысы қорытындыланды.

«2016 жылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша қан айналымы жүйесі аурулары 13,2%-ға, қайғылы оқиғалар, жарақаттанулар мен улану 12,1%-ға және қатерлі ісік аурулары 4,6%-ға артқаны байқалып отыр. Сонымен бірге, 2016 жылдың 5 айының нәтижесі бойынша қан айналымы ауруларынан болатын өдім-жітім 20,3%-ға, оның ішінде инсульттан - 23,8%, миокард инфарктінен 17,2%-ға, қатерлі ісік ауруларынан - 2,6%, қайғылы оқиғалар, жарақаттанулар мен улану салдарынан болатын өлім-жітім 8,6%-ға азайып отыр. Бірінші жартыжылдықтың нәтижесі бойынша ана өлімінің көрсеткіші 2,4%-ға төмендеді», - деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Вице-министрі Алексей Цой.  

Сондай-ақ ол аталған кезеңде медициналық көмек көрсетудің біріктірілген үлгісін енгізу бойынша үйлестіру кеңесі клникалық хаттамалар мен бейінді медициналық көмек көрсету бойынша нормативтік-құқықтық актілерге талдау жүргізгенін, медициналық ұйымдар мен кадрлық қамтамасыз етуді талдағанын айтты. 2019 жылға дейін медициналық ұйымдарды қамсыздандыру, кадрлармен қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар айтылды. Бағыттар бойынша медициналық көмек көрсету деңгейінің сапасын бағалау индикаторлары, мамандарды барлық деңгейде, процестерде, кезеңдерде оқыту бағдарламалары жасалып, оқыту кестесі әзірленді. Сонымен қатар, Алексей Цой «Кезексіз емханалар» имидждік жобасын жүзеге асыру туралы мәлімдеді.  

«Медициналық-санитарлық алғашқы көмек (әрі қарай - МСАК) көрсетудің 294 ұйымында кезектерді төмендету бойынша шаралардың мониторингі жүргізіліп, нәтижесінде барлық аймақтарда созылмалы аурулары бар адамдарға арналған тегін дәрілер рецептісін беру процедуралары жеңілдетілгені – оның 3 айға бір мерзімде берілетіні анықталды. Амбулаторлық-емханалық көмек көрсететін 286 ұйымда тіркеу орнына қоңырау шалу арқылы пациенттерді алдын-ала дәрігерге жазу немесе үйге шақыру шаралары енгізілген. 290 МСАК ұйымдарында шұғыл көмек қажет ететін пациенттер үшін сүзгі-кабинеттер мен дәрігерге дейінгі кабинеттер, ал профилактикалық тексерілу мақсатында келген пациенттер үшін 282 скринингтік кабинет қызмет көрсетеді. Барлық аймақтарда Пациенттерді қолдау қызметі мен «Қазір және дәл осы жерде» қағидасымен қызмет көрсететін сенім телефоны жұмыс істейді», - деп айтты Вице-министр.

Сондай-ақ отырыс барысында мектептегі медицина мәселелері талқыланды.

«Ағымдағы жылғы 1 маусымдағы жағдайға сәйкес күнтізбелік жоспар бойынша профилактикалық тексеру шараларымен 2,6 млн. оқушы (97,9%) қамтылды. Диспансерлік есепке 305,8 мың оқушы (11,4%) тіркелді. Профилактикалық тексеру нәтижесі бойынша денсаулық топтары құрылып, оқушыларды жазғы демалыс кезінде сауықтырудың жеке жоспары жасалды. Маусым айында 1,2 млн. оқушы сауықтыру шараларымен қамтылды», - деп хабарлады Алексей Цой.

Білім беру ұйымдарындағы оқушылар үшін медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартын дайындау аяқталып келеді. 2017 жылы мектеп оқушыларының денсаулығы жайлы ақпаратты электронды тасымалдаушыға ауыстыру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, жиын барысында Қарағанды және Павлодар облыстарындағы күйдіргімен сырқаттанған адамдарды емдеу мен оның алдын алу; иммундау бойынша әлеуметтік жұмылдыру мен халықты ақпараттандыру; амбулаторлық деңгейде дәрілермен қамтамасыз ету; медициналық білім беру мен адами ресурстарды басқару жүйелерін жетілдіру мәселелері; міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу шаралары (әрі қарай – МӘМС) талқыланды.

Алқа мәжілісінде сөз сөйлеген Тамара Дүйсенова аурулардың алдын алу мен алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметін жетілдіруге негізделген, әрбір пациентке бағытталған отандық денсаулық сақтау саласын дамытуға бар күш-жігерді салу керектігін атап айтты.

Жиынды қорытындылай келе, Тамара Дүйсенова жұмысты барлық бағытта жанданлырып, әсіресе, медициналық көмек көрсетудің біріктірілген үлгісі мен МӘМС-ті енгізу мәселелеріне жан-жақты қарастыруды тапсырды.




 




Яндекс.Метрика