Үкімет

ҚР-да ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2,7%-ға өсті

Қазақстанда ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2,7%-ға өсті, деді Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов.
Астана қаласы19 Шілде , 17:54

«2016 жылдың бірінші жартыжылдығындағы ауыл шаруашылығының жалпы өнімі өткен жылдың дәл осы уақытымен салыстырғанда 2,7%-ға өсті. Ал қайта өңдеу саласындағы өсім 2,8%-ды құрап отыр», - деді ол.

Сондай-ақ, министр мал басының 3,4%-ға ұлғайғанын хабарлады. Осы қатарда егін шаруашылығы саласының жағдайы да аталып өтті.  Биылғы егіс алқабы 21,6 млн. га. Яғни, бұл былтырғы жылдан 448 мың га көп.

А.Мырзахметов азық-түлік өндірісінің еселене түскенін баяндай отырып, жарма өндірісінің - 73%, ұнның – 20%, қойылтылған сүт пен кілегейдің – 59%-ға артқанын жеткізді.

Республикалық бюджеттің орындалуы да назардан тыс қалмады. Мысалы, 2016 жылы Министрлік 18 бюджеттік бағдарламаны жүзеге асыруда. Жылдық жоспар бойынша – 222,9  млрд. теңге қарастырылған. Бірінші жартыжылдықтың жоспары бойынша –  119,2 млрд. теңге, оның ішінде игерілгені – 115,7 млрд. теңге немесе бірінші жартыжылдық жоспарының 97,1%.

 

 




Яндекс.Метрика