Үкімет

Бишімбаев: Жарты жылда Қазақстанның ЖІӨ өсімі 0,1% құрады

Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті, оның барысында Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев 2016 жылдың бірінші жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық ахуалдың қорытындылары бойынша баяндады.
Астана қаласы19 Шілде , 16:02

«Бірінші жартыжылдықта құрылыс (6,6%-ға), көлік қызметтері (4,3%-ға), ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру (2,7%-ға) және өңдеу өнеркәсібі  (0,5%-ға) көлемінің ұлғаюы есебінен ЖІӨ-нің өсуі 0,1%-ды құрады», - деді Бишімбаев.

Бұдан басқа экономиканың алты негізгі салаларын қамтитын (өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда, көлік, байланыс) қысқа мерзімді экономикалық индикатордың (ҚЭИ) өсу қарқынының оң серпіні байқалады. «Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ҚЭИ ағымдағы жылғы қаңтар-мамырдағы 99,0%-ға қарағанда 99,3%-ды құрады», - деп хабарлады Министр.

«Мұнай мен металдардың әлемдік бағасының төмендеуі нәтижесінде 2016 жылғы қаңтар-мамырда экспорт көлемі 31,8%-ға, 13,7 млрд. АҚШ долларына дейін қысқарды. Импорттың 27,0%-ға, 9,2 млрд. АҚШ долларына дейін төмендегені белгілі болып отыр. Нәтижесінде сыртқы сауда айналымы 29,9%-ға, 23,0 млрд. АҚШ долларына дейін төмендеді. Дегенмен, сыртқы сауда сальдосы 4,5 млрд. АҚШ доллары деңгейінде оң болып қалуда», - деді Бишімбаев.

Оның деректері бойынша елдің халықаралық резервтері 2016 жылғы 1 шілдеге 96,2 млрд. АҚШ долларын құрап, жыл басынан бері 5,2%-ға өсті, оның ішінде Ұлттық қордың шетелдік валютадағы активтері 3,5%-ға,  65,7 млрд. АҚШ долларына дейін өсті және Ұлттық банктің алтын-валюталық активтері 9,4%-ға, 30,5 млрд. АҚШ долларына дейін өскен.  

Орташа айлық номиналды жалақының 9,9%-ға, 133,5 мың теңгеге дейін өскені белгіленді. Инфляция ағымдағы жылдың басынан бері (2015 жылғы желтоқсанға қарағанда 2016 жылғы маусым) 4,6%-ды құрады – деді Бишімбаев.

Ботагөз Айтжанова




Яндекс.Метрика