Евразиялық одақ

Қазақстанда 2017 жылғы 1 шілдеден бастап көлік құралдарына арналған электронды төлқұжаттар енгізіледі

Қазақстанда көлік құралдарына арналған электронды төлқұжаттар енгізу жоспарланып отыр. Жаңалықтың мақсаты ЕурАзЭҚ аумағында көлік құралдары, өздігінен жүретін машиналар мен басқа да техника түрлерінің еркін айналысы үшін тиімді жағдай жасау, сондай-ақ электронды түрдегі толық техникалық және өзге де ақпаратты ұсыну мүмкіндігін қамтамасыз ету болып табылады, деп хабарлады Инвестициялар және даму министрлігі.
Астана қаласы19 Шілде , 19:52

Сонымен қатар, электрондық төлқұжаттар жүйесі ЕурАзЭҚ кеден шекарасы арқылы өту кезінде көлік құралдарын қадағалау тәртібін жеңілдетуге, осы саладағы құқық бұзушылықтарды мемлекеттік есепке алуды және бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2015 жылғы 22 қыркүйектегі N 122 шешімімен Көлік құралдарының электрондытөлқұжаттары мен өздiгiнен жүретiн машиналардың, сондай-ақ техниканың өзге де түрлерiнің электронды төлқұжаттары жүйелерінің жұмыс істеу тәртібі бекітілді. Осы құжатқа сәйкес 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап ЕурАзЭҚ аумағында толығымен көлік құралдарына жалпыға бірдей  электронды төлқұжаттар енгізіледі, ал 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап - өздігінен жүретін көлік құралдары мен басқа да техника түрлеріне де енгізіледі», - делінген хабарламада.

Көлік құралдарының иелері үшін көлік құралдары,  шасси, өздігінен жүретін көлік құралдары және басқа да техника түрлеріне қатысты жүріп-тұру, сатып алу мен сату және басқа да құқықтық шаралар кезіндегі тиісті рәсімдер (ұсынылатын қағаз құжаттар саны, оларды қарау мерзімдері қарастырылады) оңтайландырылады.

Төлқұжатты көлік құралдарын шығарушылар, сондай-ақ тиісті тізілімге енгізілген уәкілетті органдар мен ұйымдар рәсімдейді.

Бірыңғай ақпараттық жүйедегі көлік құралының сәйкестендіру нөмірі бойынша электрондық төлқұжаттың мәртебесін анықтауға болады: қолданыстағы, күші жойылған немесе қолданыстан алынған. Автокөлік иесінің қолына көлік құралының электрондық төлқұжатының үзіндісі беріледі. Алайда, электрондық төлқұжат техникалық төлқұжатты (көлік құралын тіркеу туралы куәлік) алмастырмайды, ол көлік құралының тіршілік циклы мерзіміндегі ілеспе құжат болып табылады. Бүгінгі таңда электронды төлқұжаттың қазақстандық жүйесін құру жұмыстары жүргізілуде, болашақта бұл жүйе ЕурАзЭҚ-қа қатысушы басқа мүше-мемлекеттердің жүйелерінде интеграцияланатын болады.

 

 




Дерекнама

Яндекс.Метрика