Өңірлер

Ақтөбеде құны 1,3 млрд теңге болатын Жастар сарайының құрылысы жүріп жатыр (ФОТО)

Ақтөбе облысы әкімдігі мен «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» 2016 жылға өзара ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойды. Құжатты өңір басшысы Бердібек Сапарбаев пен «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ Бас директоры Ван Цзюньжэнь бекітті, деп хабарлады «Ақтөбе ақпарат» орталығы.
Ақтөбе 19 Шілде, 11:23

Меморандум аясында «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ Ақтөбе қаласындағы Жастар сарайы құрылысын қаржыландыру бойынша міндеттеме алды. Жалпы ауданы 9,5 мың шаршы метр болатын 3 қабатты Жастар сарайы ғимаратының құрылысы Ақтөбе қаласының орталық бөлігінде, Әбілқайыр хан даңғылының бойында, Тұңғыш Президент атындағы Орталық саябаққа қарсы бетте басталды.

Көппрофильді кешен жастардың шығармашылық бастамалары мен мәдени шараларды дамытуға арналған. Мұнда семинарлар, конференциялар, кездесулер, бұқаралық интерактивті шаралар өткізіледі, ал 1,5 мың орынға есептелген көрермен залы концерттер, кинокөрсетілімдер мен көркем қойылымдар көрсетуге мүмкіндік береді.

Жобаның жалпы құны 1,3 млрд. теңге. Нысан 2017 жылдың екінші жартыжылдығында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына белсенді түрде үлес қосып жатқан инвсторларға алғысын білдірді.

«Мемлекет басшысы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін дамыту жөнінде тапсырма берген болатын. Бұл бағытта біз өңірдегі көптеген компаниялармен, оның ішінде сіздің кәсіпорынмен де жұмыс жасап, көптеген жақсы жобаларды жүзеге асырдық. Жастар сарайы – бүгінде бізге нағыз керек нысан. Бұл жерде түрлі шаралар өткізіліп қана қоймайды, сонымен бірге жастардың бос уақытын тиімді өткізу үшін мәдени, спорт секциялары жұмыс жасайды», - деді Бердібек Сапарбаев.

Өңір басшысы атап өткендей, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ жыл сайын Ақтөбе облысының әлеуметтік саласын дамытуға белсенді түрде үлес қосып келеді. Мәселен, соңғы 3 жылда әкімдікпен қол қойылған меморандумдар аясында компания өндірістік, инженерлік-коммуникациялық, әлеуметтік құрылымдар, білім, мәдениет, денсаулық, спорт салалары мен өзге де әлеуметтік маңызы бар шараларға 1,9 млрд. теңгеден астам қаражат бөлді. Сонымен қатар, кен орнын пайдалану бойынша келісімшартқа сәйкес, әлеуметтік міндеттеме ретінде облыс бюджетіне 600 млн. теңге аударылды.

 

 





Яндекс.Метрика