Экономика

Қазатомөнеркәсіп және қытайлық компаниялар атом саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиев «CITIC GROUP Corporation» басқарма төрағасы Чан Чжэньминмен (Chang Zhenming) кездесті, деп хабарлады Ұлттық компанияның баспасөз қызметі.
Әлемде18 Шілде , 17:18

Компаниялар басшылары бірлескен қазақстан-қытай жобаларын одан әрі жүзеге асыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының атом саласына инвестиция тарту мәселелерін талқылады.

Сондай-ақ, сапар барысында Қазатомөнеркәсіп басшысы «CNNC» (China National Nuclear Corporation) директорлар кеңесінің төрағасы Сунь Циньмен (Sun Qin) және «CITIC GROUP Corporation» Қазақстандағы бас директоры Сунь Янмен (Sun Yang) кездесті.

Тараптар атом энергетикасын дамыту саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың бірқатар мәселелерін талқылады. Нақты айтқанда, табиғи уранды Қазақстаннан Қытай аумағы арқылы транзиттеу, ҚХР-на отын таблеткаларын жеткізіп беру, бірлесе уран өндіру, Қазақстанда конверсиялық зауыт салу, ядролық технологияларды медицинада қолдану мәселелері қарастырылды. Кездесу қатысушылары өзара тиімді ұзақ мерзімді және стратегиялық серіктестікке мүдделі екендіктерін атап көрсетті.

Қытайлық әріптестерінің шақыруымен Асқар Жұмағалиев Хунань провинциясының Хэнъян қалалық округындағы конверсиялық зауытта болып, уран гексафторидын өндіру технологиясымен танысты.

Сондай-ақ, Қазақстанның ұлттық атом компаниясының басшысы Қытайдың бас ядролық-энергетикалық корпорациясы (CGNPC)  бас директоры Чжан Шаньминьмен (Zhang Shanmin) кездесті. Тараптар екі жақты қарым-қатынастардың түрлі қырларын талқылап, өзара тиімді ынтымақтастықты іске асыру жөніндегі талпыныстарға жоғары баға берді.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қазақстанда жылу бөлгіш құрамалар өндіретін зауытты жобалау және салу бойынша коммерциялық шарттар туралы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ мен қытайлық CGNPC (China General Nuclear Power Corporation) арасындағы Келісімге қол қойылған болатын. «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ базасында ҚХР атом электр станцияларына арналған отын таблеткаларын шығаратын, жылдық өндірістік қуаты 200 тонна ЖБҚ ие кәсіпорын құрылуда.




Яндекс.Метрика