Өңірлер

105 павлодарлық отбасы жаңа пәтерге ие болды

Аймақ басшысы Болат Бақауов павлодарлық 105 отбасыға, олардың ішінде 11 ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа пәтерлердің кілттерін табыс етті, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Павлодар15 Шілде , 18:34

Облыс орталығындағы жаңа «Сарыарқа» шағын ауданының аумағында ак. Шөкин көшесі 157/2 мекенжайы бойынша орналасқан үйдің аумағы 8,6 мың шаршы метрді құрайды. Жаңа үйдің ішінде 75 екі бөлмелі, 27 үш бөлмелі және 3 төрт бөлмелі пәтерлер бар. «2020 жылға дейін өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша салынған үйдің құрылысына бюджеттен 686 млн. теңге бөлінген еді.  

«Қала күні мерекесінің қарсаңында жаңа шағын ауданда тоғыз қабатты зәулім үйдің бой көтергені жерлестеріміз үшін аса қуанышты оқиға», - деді облыс әкімі. « Қарқынды өсіп келе жатқан қаламыз үшін жаңа үйлер ауадай қажет. Қазірдің өзінде қала бойынша тұрғын үй кезегінде 15 мың адам тұр. Тұрғын үй қажеттілігін азайту мақсатында алдағы жылдары облыс орталығында 22 жаңа үй салынады деп жоспарланып отыр. 9 үй осы жылдың аяғына дейін пайдалануға беріледі. Бұл 900 отбасы жаңа пәтерлермен қамтамасыз етіледі деген сөз».    

Қоныс тойын тойлаушылардың арасында бюджеттік ұйымдармен қатар, жеке кәсіпорындардың жұмысшылары да бар. Жайлы пәтерлерге қоныстанушылардың қуанышында шек жоқ. Болат Бақауов жаңа пәтердің кілтіне ие болған бір отбасыға бағалы сыйлық тапсырды.

«Біз бұл күнді асыға күттік», - дейді Наталья Шепилова.» Мен өзім ата-анасыз өстім. Орта және жоғары білім алдым, қазір мамандығым бойынша жұмыс істеймін».

Бүгінгі таңда «Сарыарқа» шағын ауданында жаңа үйлердің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жыл соңына дейін тағы да төрт жаңа үй пайдалануға беріледі деп күтілуде. 

 

 

 




Яндекс.Метрика