Көліктік-логистикалық жүйенің дамуы

Д.Ахметов: Өскемен әуежайында жаңа терминал 2017 жылы салынады

Келесі жылы Шығыс Қазақстан облысының орталығындағы халықаралық әуежайда сағатына 200 адамды қабылдай алатын жаңа жолаушылар терминалы пайда болады. Бұл туралы аймақ басшысы Даниал Ахметов облыстық мәслихат депутаттарының алдындағы есебінде хабарлады.
Шығыс Қазақстан14 Шілде , 19:42

Жаңа терминал Өскеменнің әуе айлағына адамдарға халықаралық стандарттарға сай қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

«Жолаушылар ұшақтан түсіп, кеңес заманындағыдай сағаттап кезекте тұру тәжірибесін тоқтату қажет», – деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов. «Өскемен әуежайы халықаралық стандарттарға сай болу керек. Біз жобаны «Ертіс»  әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы қаржыландырып, алдағы уақытта құрылыс жұмыстарын бастаймыз».

Жобалық құжаттамаларға сай құрылыс жұмыстарының мерзімі 7 айды құрамақ. Қазіргі уақытта конкурстық шаралар жүргізілуде.

Мамандардың айтуынша, жаңа терминал қолданысқа берілген соң Өскемен әуежайынан ұшу  бағыттарының санын арттыруға, жаңа авиатасымалдаушы компанияларды тартуға, «Қазақстан – Еуропа – Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері» бағыттарындағы транзиттік әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік тумақ.  Сонымен қатар көрсетілетін қызметтің сапасы артып, Азаматтық авиацияның халықаралық ұйымының талаптарына сәйкес жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.




Яндекс.Метрика