Өңірлер

Б.Сапарбаев: Ауыл шаруашылығын дамытуға бөлінген қаражатты тиімді пайдалану қажет

Ауыл шаруашылығын дамыту, соның ішінде мемлекеттік субсидияларды тиімді пайдалану мәселелері Ақтөбе облысының әкімдігінде облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалық етуімен өткен кеңесте қаралды, деп хабарлады “Ақтөбе ақпарат" орталығы.
Ақтөбе14 Шілде , 17:19

Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығын дамытуға бөлінген субсидия көлемі 2013 жылдан бері жыл сайын 2,2 есеге артып келеді. Мәселен, 2013 жылы бұл мақсаттарға 2,7 млрд. теңге қарастырылған, 2015 жылы 6,5 млрд., 2016 жылы 7,5 млрд. теңге бөлінді. Соңғы үш жылда мал шаруашылығы саласына бөлінген субсидия 2,3 млрд. теңгеден 5 млрд. теңгеге артты. Барлық қаражат жүз пайыз игерілді. Нәтижесінде егер үш жыл бұрын мал шаруашылығы саласында 79,4 млрд. теңгенің өнімі өндірілсе, 2015 жылы 102,7 млрд. теңгенің өнімі шығарылды. Ет өңдеу 44 пайызға, сүт өңдеу 17,1 пайызға артты. Мал шаруашылығы импорты 35 млн долларға кеміді.

Алайда, кеңес барысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев айтып өткендей, 2013 жылы бөлінген субсидия мөлшері 2,5 есеге көбейтілсе, онда өндірістің көрсеткіштері де артуы керек.  

“Мемлекеттік субсидияны пайдалана отырып, Мемлекет басшысының азық-түлік тауарлары импортын азайтып, хаплықты отандық азық-түлік түрлерімен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындауымыз керек. Мемлекеттік қолдау аясында қарастырылған үлкен сомалар мен шараларды пайдалана отырып, сәйкесінше өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізуіміз керек”, - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Кеңес барысында айтылғандай, бүгінде өңір үшін астық, ауыл шаруашылығы өнімдерін ұқсату, жұмыртқа өндірісі мен құнарлы жерді сақтап қалу мәселелері өзекті болып тұр. Үлкен емес шаруа қожалықтарында көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Оларды ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтеріне біріктіру арқылы жағдайды реттеуге болады.

Айта кетейік, Ақтөбе облысында биылғы жылдың алты айында 41 ауыл шаруашылығы өндірістік кооператив құрылды. Пайдаланылмай жатқан суармалы алқаптарды қолданысқа беруде оң өзгеріс байқалады.

Ақтөбе облысының әкімі суармалы алқаптарды одан әрі кеңейту, ауыл шаруашылығының өңірге тән емес түрлерін дамыту керек, ірі ауылдық аймақтарда ет, сүт өңдеу мен бордақылау алаңдарын қолданысқа беру керек. Кеңес барысында Ақтөбе қаласында индустриалды-аграрлы аумақ құруды тездету және ветеринарлық бақылау сапасын арттыру бойынша тапсырмалар берілді.

“Мұның барлығы импорт өнімдер үлесін азайтуға мүмкіндік береді. Біздің өңірде жергілікті азық-түлік түрлерімен қамтамасыз етуге барлық мүмкіндіктер мен ресурстар бар. Ең бастысы – ауыл шаруашылығын дамытуға мемлекет бөліп отырған әрбір тиынды тиімді пайдалану керек”, - деді әкім.

 




Яндекс.Метрика