Қазақстан және БҰҮ

Қазақстан Адам құқықтары ғаламдық күн тәртібінің орталығында БҰҰ БА пікірсайысына қатысты

Нью-Йорк қаласында ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі ұлттық комиссияның хатшысы Тастемір Әбішев басқарған Қазақстан Республикасының делегациясы «БҰҰ@70 – Адам құқықтары ғаламдық күн тәртібінің орталығында» тақырыбындағы БҰҰ Бас ассамблеясының жоғары деңгейдегі тақырыптық пікірсайыстың жұмысына қатысты, деп хабарлады СІМ.
Әлемде14 Шілде , 16:27

Аталған форум БҰҰ Бас Ассамблеясы 70-ші сессиясының төрағасы Могенс Люккетофттың бастамасымен шақырылған үшінші қорытынды іс-шара болды. М. Люккетофт адам құқықтары саласындағы одан әрі ілгерілеуге қол жеткізуді қолдауды өзінің ғаламдық ұйымның негізгі органындағы төрағалығының үш басым бағыттарының бірі ретінде жариялады.

Пленарлық сессияда М. Люккетофт, Ұйымның Бас хатшысы Пан Ги Мун, Бельгияның Патшайымы Матильда, 80-нен астам жоғары деңгейдегі делегаттар мен азаматтық қоғам институттарының өкілдері сөз сөйледі.

Т. Әбішев өзінің пленарлық отырыстағы баяндамасында қатысушыларды елімізде ұлттық адам құқықтарын қорғау жүйесін нығайту және дамыту бойынша қабылданған шаралар, осы саладағы мемлекеттік саясаттың басымдықтары туралы халықаралық қауымдастықты хабардар етті. Делегация басшысы Қазақстанның 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануы қоғамды одан әрі демократияландыру қызметіне жаңа серпін беруге тиісті екенін атап өтті. Ол Қазақстанның БҰҰ-мен, халықаралық ұйымдармен және азаматтық сектормен ұлттық, өңірлік және жаһандық деңгейде адам құқықтарын сақтау және насихаттау бойынша сындарлы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайындығын білдірді.

«Сонымен бірге, Қазақстан делегациясы мүше мемлекеттер делегацияларының, БҰҰ жүйесінің жоғары лауазымды тұлғаларының және құқықтарды қорғау ұйымдар мен жеке сектордың қатысуымен өткен форумның үш интерактивті «дөңгелек үстелдеріне», сондай-ақ форум шеңберіндегі бірқатар тақырыптық іс-шараларға (сайд-ивенттерге) қатысты», - делінген хабарламада.

Сапар барысында Қазақстан делегациясы БҰҰ Бас хатшысының адам құқықтары саласындағы көмекшісі, Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының Нью-Йорктегі офисінің басшысы Иван Шимоновичпен кездесті. Кездесу барысында оралмандардың, азаматтығы жоқ тұлғалардың, босқындардың, еңбекші мигранттардың, адам саудасы құрбандарының құқықтарын қорғау бойынша БҰҰ-мен бірлескен жобаларды талқылады. БҰҰ-ның жоғарғы өкілі екіжақты ынтымақтастықты оң бағалады және оны одан әрі дамытуға дайындығын білдірді.

Қазақстан делегациясының жоғары деңгейдегі пікірталастарға белсенді қатысуы халықаралық қоғамдастыққа еліміздің мықты ұстанатынын және адам құқықтарын көтермелеу және сақтау жолын қатаң ұстанатынын қайтадан көрсетуге мүмкіндік берді.

 




Яндекс.Метрика