Ұлт денсаулығы - табысты болашағымыздың негізі

БҚО-да Тұңғыш Президент күніне орай аудандық емхана ашылды

Батыс Қазақстан облысы Жанғала кентінде 250 келушіге арналған жаңа емхананың салтанатты ашылуы болды. Қуанышты оқиға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында болды, деп BNews.kz БҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Батыс Қазақстан28 Қараша , 11:25

«24 мың адам тұратын ауданда аудандық емхана жұмыс істеген. Алайда ондаған жыл бұрын учаскелік ретінде салынған ғимарат уақыт өте келе ескіріп, халықтың саны артқандықтан ғимарат келушілерге таршылық етті. Мұның барлығы сапалы медициналық көмек көретуге кедергі келтірді. Алайда тұрғындардың тілектері орындалып, өткен жылы республикалық бюджеттен заманауи емхана құрылысына қажеттті қаражат бөлінді», - делінген хабарламада.

Нысанның сметалық құны 1 121 млн теңгені құрады. Мердігер – «Домостроитель» өндірістік кооперативі 2012 жылдың 5 маусымында құрылысты бастап, дәл мерзімінде аяқтады. Барлық талаптарға сай ғимарат қажетті жабдықтармен жарақтандырылған және келушілерді қабылдауға толық дайын. Емхана аумағында дизельді шағын бекет те орналасқан.

«Соңғы жылдары біздің облыста ондаған әлеуметтік нысандар күрделі жөндеуден өтті, жаңадан салынып жатқандары қаншама. Солардың бірі – бүгін ашылып жатқан аудандық емхана»,-деді БҚО әкімінің орынбасары Марат Кәрімов.

Жанғалы ауданының әкімі Лавр Хайретдинов аудан тұрғындары атынан облыс басшылығына емхана құрылысына көмек көрсеткені үшін алғыс айтып, «Домостроитель» ӨК директорына алғыс хат табыстап, үстіне шапан жапты.

 




Яндекс.Метрика