Өңірлер

ШҚО-да этнотуризмді дамыту қолға алынады

Аймақ басшысы Даниал Ахметов Катонқарағай ауданына жұмыс сапары барысында Берел қорғандарының негізінде этнотуризмді дамыту жоспарын дайындап, туристерді тарту үшін барлық жағдай жасауды тапсырды, деп хабарлады ШҚО ақпараттық орталығы.
Шығыс Қазақстан14 Шілде , 10:03

Этнотуризмді дамыту аймақтық жоспарына киіз үй үлгісіндегі ұлттық нақыштағы қонақ үй, арнайы жабдықталған тамақтану нысандарын салу сынды шаралар енгізіледі. Сонымен қатар, аймақ басшысы Берел жазығына келген адамдар ол жердің құндылығы мен көне заманның рухын сезіну қажеттілігін атап өтті. Осы ретте атпен жүру және жаяу жүргіншілерге арналған жол бағдарларын дайындауды тапсырды.

Аталған жоспарды іске асыру барысы қыркүйек айының басында Өскемен қаласында өтетін халықаралық ғылыми-практикалық конференция барысында талқыланады.

«Біз қорғандардың бетіне саркофаг орнату жұмыстарын жыл сайын қаржыландыруға дайынбыз», - деді ШҚО әкімі археологиялық экспедиция жетекшісі, профессор Зейнолла Самашевқа. « Осылайша, бір жағынан, археологтар тарихи мұрамызды зерттеу жұмыстарын жүргізсе, екінші жағынан, ғылым саласымен байланысты бизнес-үрдісті дамытатын боламыз».

Катонқарағай ауданының әкімдігі туризмді дамыту бағдарламасын дайындау мақсатында кәсіпкерлерді тартумен айналысады.

Шығыс Қазақстан облысында биыл 2016-2018 жылдарға арналған археология саласында ғылыми зерттеу жұмыстарын дамыту Жоспары шеңберінде еліміздің және шет елдердің жетекші ғалымдары бес көне археология ескерткіштерінде ауқымды қазба жұмыстарын жүргізіп жатқандығын айта кету керек.




Яндекс.Метрика