EXPO-2017

ХКБ-ның Бас Ассамблеясында ЭКСПО-2017-ге дайындық бойынша есеп таныстырылды

Қазақстандық делегация Парижде Халықаралық көрмелер бюросының (ХКБ) 154-ші Бас Ассамблеясына қатысып жатыр, деп Премьер-Министрдің ресми сайты хабарлады.
Астана қаласы27 Қараша , 18:01

«Қазақстандық тарап Астанада ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесін дайындау және өткізу барысы туралы есепті таныстырды», - делінген хабарламада.

ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрменің комиссары – ҚР сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рапиль Жошыбаев және «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы Талғат Ермегияев ХКБ өкілдеріне ЭКСПО-2017 жобасының негізгі маңызды оқиғалары жайлы мәлімдеді. Олардың ішінде, көрме кешенінің үздік эскиз-идеясына халықаралық архитектуралық байқау өткізу, ЭКСПО жайлы заң жобасын әзірлеу, Тіркеу Құжаттамасын әзірлеу және бекіту, көрменің жаңа логотипін таңдау.

«ЭКСПО-2017 жоғары деңгейде өткізу – ұйымдастырушылық мәселелердің кең ауқымын қамтитын жалпы ұлттық тапсырма. Жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдар анықталды, олардың өзара іс-қимылы және жұмысының ықпалды схемасы жасалды», - деді Р.Жошыбаев және «көрмені ұйымдастыру мәселелері Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше бақылауында» екендігін атап өтті.

«Астана ЭКСПО-2017» ҰК басшысы Т.Ермегияев түсіндіргендей, ЭКСПО-2017 тақырыбы – «Болашақ энергиясы» төрт тақырыптық павильонда көрініс табады: «Энергия әлемі», «Өмірге арналған энергия», «Бәріне арналған энергия» және «Менің болашақ энергиям».

Т.Ермегияев сондай-ақ ЭКСПО-ны көрмеден кейін пайдалану Тұжырымдамасын таныстырды. «Ғылым және технология саябағы, Мәдениет және өнер орталығы, тұрғын жайлар мен қонақ үйлер, дүкендер, спорттық және ойын-сауық кешендері сияқты компоненттердің арқасында қаланың жаңа динамикалық бөлігі құрылады, ол Қазақстандағы Болашақ энергиясының орталығына айналады», - деп атап өтті Т.Ермегияев.

ХКБ Бас хатшысы Висенте Лоссерталестің пікірінше, «Қазақстан өткен жылы ЭКСПО-2017 өткізу құқығын жеңіп алған сәттен бастап үлкен позитивтік жұмыс атқарды».

«Қазақстан уақытылы дұрыс бағытта жылжып келеді. Тіркеу Құжаттамасына қатысты айтар болсам, келесі жылы ол мақұлданып, Қазақстан ЭКСПО-2017-нің аккредитивтелген қатысушысы ретінде өз жұмысын жалғастырады деген ойдамын», - деді В.Лоссерталес тілшілерге берген сұхбатында.

 

 




Яндекс.Метрика