Адами капитал

Астана НЗМ-да шахмат мектебі ашылды (ФОТО)

Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде еліміздің жалпы білім беретін мектептердің 50 оқушысына арналған жазғы шахмат мектебі – «Шахмат планетасы» басталады, деп хабарлады мектептің баспасөз қызметі.
Астана қаласы 30 Маусым, 20:06

Оған Қазақстанның 14 облысы мен Астана, Алматы қалаларының 12-14 жас аралығындағы оқушылары қатысады. Жазғы мектептің ұйымдастырушылары – «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы мен Қазақстанның шахмат федерациясы. Шараның демеушісі – Академик Шахмардан Есенов атындағы Ғылыми-білім беру қоры.

Лагерь 8 күнге жалғасып, 3 шілде күні аяқталады. Таңертеңгі уақытта шахмат және басқа да оқу белсенділігі сабақтарын ұйымдастыру, түстен кейін балалардың уақытын демалыс, спортпен қамту жоспарланған. Жазғы мектеп барысында оқушылар Қазақстан астанасының көрікті жерлеріне экскурсия жасайды, Назарбаев Университеті, Назарбаев орталығы және Тұңғыш Президент мұражайында болады. Жас зияткерлер шахматтан бөлек робототехника, ракета моделін жасау, қыш өнері және актерлік шеберлік үйірмелерінің жұмысына қатысады.

«Бұл – Назарбаев Зияткерлік мектебімен бірлескен жобамыз. Ол еліміздегі шахмат ойындарының дамуына оң әсер беруі тиіс. Біздің негізгі міндетіміз – шахмат ойынын жалпы білім беретін мектептерің бағдарламасына енгізу. Соның нәтижесінде оқушылар зердесін дамытып, стратегиялық және тактикалық тұрғыдан ойлау қабілетін арттырып, байсалдылығы және эмоционалды жігерін қалыптастыру, есте сақтау қабілетін дамытуға ат салысу болып табылады. Бұл – жас өрендердің физикалық және зияткерлік дамуының үйлесімділігін арттырады», – деп атап өтті Қазақстан шахмат Федерациясының Президенті Ғалымжан Есенов.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Ноғатайқызы Шәмшидинова: «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы – жаратылыстану-математика ғылымдарын меңгеруге қабілеті бар дарынды шәкірттерді оқытатын мектеп қана емес, сонымен қатар ірі әдістемелік орталық болып табылады.

Сондықтан біз Назарбаев Зияткерлік мектептерінде оқушылар арасында шахматты насихаттаудың оң тәжірибесімен бөліскіміз келеді. Зияткерлік мектептердегі шахмат арқылы оқушылардың зияткерлік қабілеттерін арттырудағы жүйелі жұмысты көрсетеміз. Халықаралық гроссмейстер Дәрмен Сәдуақасовтың кубогі үшін ұйымдастырылған республикалық турнирде Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары 1, 2, 3 жүлделі орындарды иеленді. Осы орайда Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 2015 жылғы түлегі Әсия Утжанованың жетістігін ерекше атап өтуге болады. Ол мектепті тәмамдаған соң Қазақ-Британ техникалық университетінің екінші курсына бірден қабылданды. Әсия 9-сыныпта зерттеу жұмысын әзірлеп, соның нәтижесінде «Шахмат және математика» атты кітап жазды. Бұл туындысы 2013 жылы Германияда жарыққа шығып,  дүние жүзі оқушыларының 500 зерттеу жобаларының үздік ондығына енді. Кітап әлемнің 9 елінде, атап айтқанда Германия, Жапония, Белгия, Франция, Сингапур, Оңтүстік Америка, Малайзияда кең таралымдда. 

Шахмат ойындарын жалпы білім беру мектептері оқушылары арасында насихаттау идеясына қолдау танытқан Қазақстанның шахмат Федерациясы және Академик Шахмардан Есенов атындағы Ғылыми-білім беру қорына барлық Зияткерлік мектептер атынан алғыс білдіремін», – деп өз сөзінде атап өтті.

Қазіргі кезде Қазақстанда шахмат сабағын орта мектептерге енгізу үшін оқулықтар мен әдістемелік құралдар жасалуда. «Біз барлық оқушының шахматпен кәсіби тұрғыда айналысуын ұсынып отырған жоқпыз. Қалауымыз – балалардың бұл ойын түріне қызығушылығын тудыру», – деді республикалық шахмат федерациясының атқарушы директоры Ирина Грищенко жазғы лагердің ашылу салтанатында.

 

 

 

 





Яндекс.Метрика