Адами капитал

Астанада мүгедектерді әлеуметтік қорғау мәселелері талқыланды

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінде Мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Астана қаласы30 Маусым , 17:13

Үйлестіру кеңесінің жұмысына ҚР Премьер-министрінің орынбасары Дариға Назарбаева, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Министрі Тамара Дүйсенова, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, облыс әкімдерінің орынбасарлары, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының, ҚР ДСӘДМ Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті аумақтық департаменттерінің басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты, деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметі.

Отырыс барысында халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарының қажеттіліктері мен мұқтаждықтарын ескере отырып, өңірлердегі әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы объектілерін бейімдеу мәселелері, ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесінің және Астана қаласы объектілерінің мүгедектерге қолжетімділігін қамтамасыз ету; Қазақстанда инклюзивті білім беруді енгізудегі проблемалар мен оның келешегі туралы мәселелер қарастырылды.

Мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2012-2018 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының үшінші кезеңін жүзеге асыру жайында  ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Вице-министрі Светлана Жақыпова баяндады.

Вице-министр аймақтарда 2016 жылға арналған әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды бейіндеу жоспары бекітілгенін, әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды бейіндеу шараларының сапасын бақылау мақсатында өңірлік БАҚ, ҮЕҰ, «Нұр Отан» партиясы өкілдерінің қатысуымен қоғамдық бақылау шаралары жүргізіліп отырғанын атап айтты.

ДСӘДМ мамандары кедергісіз орта құрудағы жергілікті атқарушы органдардың қызметін саралады.

«Бүгінгі таңда 25,2 мың инфрақұрылым нысандарын паспорттау жүргізілді. Паспортталған нысандардың 17,6 мыңға жуығын мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бейіндеу қажет, оның 7 мың 664 нысаны мүгедектер қажеттілігіне сай бейінделді, бұл 43%-ды құрап отыр», - деп атап айтты Вице-министр.

Светлана Жақыпова ДСӘДМ мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту бойынша бірқатар іс-шаралар атқарып отырғанын хабарлады. Ағымдағы жылғы 6 айда халықты жұмыспен қамту орталықтары 5 мың 156 мүгедекті, «Өрлеу» жобасының аясында 72 мүгедек адамды жұмысқа орналастыруға көмектесті.

«Мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін жұмыс берушілерге квота берудің 2%-дан 4%-ға дейін сараланған үлгісі қолданылады. Сонымен бірге, арнайы жұмыс орындарын жасайтын жұмыс берушілер шығындарын субсидиялау тетіктері енгізілетін болады», - деп мәлімдеді Вице-министр.

Үйлестіру кеңесінің мүшелерін Атырау, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстары, Астана қаласы әкімдерінің орынбасарлары, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ өкілдері мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді ортаны құру бойынша қабылданған іс-шаралар туралы хабардар етті.

Инклюзивті білім беруді дамыту мәселесі білім және ғылым Вице-министрі   Эльмира Суханбердиеваның, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Жандос Әбішевтің және «Намыс» мүгедектердің қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайрат  Иманәлиевтің баяндамаларында талқыланды.

Отырыс қорытындысы бойынша ұсынымдар әзірленіп, тиісті тапсырмалар берілді.

Естеріңізге сала кетейік, Үйлестіру кеңесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады. Үйлестіру кеңесі мүгедектерді әлеуметтік қорғау мәселелері жөнінде ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу, мүгедектерді әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету, олардың тыныс-тіршілігі мен қоғамға етене араласуы үшін тең мүмкіндіктер жасау мәселелері бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ұйымдардың, мүгедектердің қоғамдық бірлестіктерінің өзара іс-қимылын қамтамасыз ету мақсатында құрылды. Үйлестіру кеңесінің құрамына республикалық және өңірлік мүгедектердің қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері кіреді.

 




Яндекс.Метрика